Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алды

0 1 013

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Бес аптаға созылатын акцияның әр аптасының өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты болмақ. Атап айтқанда, «Таза өлке» деп аталатын бірінші аптада елді мекендердің тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері өз аумағындағы аулаларды тазалайды.

«Киелі мекен» атты екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналады.

«Жасыл аймақ». Үшінші аптада көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізіледі.

«Өнегелі ұрпақ». Акцияның төртінші аптасында ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалау, абаттандыру көзделеді.

«Мөлдір бұлақ». Акцияның қорытынды, бесінші аптасында өзендер мен көлдер қоқыстан тазартылады.

Жамбылдықтар да бұл бастаманы белсенді қолдауда. «Таза Қазақстан» ауқымды акциясы Жамбыл облысында «Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» бастамасы аясында өтеді.

Акция аясында Тараз қаласы мен өңірдің барлық ауданында бес апта бойы экологиялық іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Мәселен экологиялық науқан аясында Тараз қаласындағы      Ы. Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінің аумағында ағаш отырғызу акциясы өтеді. Облыс орталығында және Жуалы ауданында «Таза аула, таза көше» байқауы өтеді.

Шу тұрғындары сенбілікті Теміржолшылар саябағында өткізеді. Сарысу ауданында белсенді азаматтар сенбілікке орталық алаңда және Комсомол көлінің жағасында жиналады. Іс-шара барысында өңірдегі арықтар мен каналдарды тазалау, абаттандыруға баса назар аударылады.

«Таза Қазақстан» акциясына «Жас ұлан» және «Жасыл ел» жасақтары да белсене атсалыспақ.

Байзақ ауданының жұртшылығы тазалық жұмыстарын бастап та кетті. Байзақ ауданының орталығындағы Дендросаябақ аумағында волонтерлардың қатысуымен тазалық жұмыстарын жүргізу, сәндік көшеттерді отырғызу шарасы ұйымдастырылды. Іс-шараға 200-ге жуық волонтер жұмылдырылды. 100-ден астам сәндік ағаштары егіліп, саябақтың іші тазартылды. 1 км-ге жуық каналдар мен арықтар тазаланып, 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.