Құқықтық сауаттылықты арттыру бүгінгі күннің талабы

0 196

Жамбыл облысы Әілет департаменті басшысының орынбасары Даурен Дайрабаев бастаған құқықтық-ақпараттық топ ауданға келіп тұрғындармен кездесу өткізді. Қаратау қаласы әкімдігінің ғимаратында өткен кездесуге Талас ауданы әкімінің орынбасары Жайықбай Шалдаров, мемлекеттік және жеке сот орындаушылары, нотариустар, адвокат және заң консультанттары қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Жергілікті тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңгерлік көмек көрсету, жекелеген азаматтардың күнделікті тұрмыста кездесетін сұрақтарына заң талаптарына сәйкес ақпарат алуына көмек беру мақсатында өткен жиында Жамбыл облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Даурен Дайрабаев әділет органдарының облыс бойынша жұмыс барысымен таныстырып, саладағы соңғы жаңалықтар мен өзгерістер туралы баяндады. Жамбыл облыстық нотариаттық палатаның төрайымы, құқықтық – ақпараттық топ мүшесі Л.Сырғабаева мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландырудың тиімділігі жайлы түсіндірді. «Цифрландырудың тағы бір тиімді тұсы құжаттардың электронды нұсқасының енгізілуі мен қолжетілімдігі», — деп атап өткен Л.Сырғабаева бұл жүйе нотариаттық қызмет алуда да азаматтарға қолайлы екендігіне тоқталды.

Жиын барысында құқықтық-ақпараттық топ мүшелері тұрғындар тарапынан алимент, жәрдемақы, зейнетақы, жылжымайтын мүлік, тұрғын үй мәселелері бойынша қойылған сауалдарға заң аясында жауап берді.

Мұнан соң аталмыш топ мүшелері Қаратау қаласындағы №3 арнаулы қызметтер ұсыну орталығында, Қаратау құрылыс-техникалық колледжінде болып, аудан тұрғындарымен, жастармен кездесулер өткізді.