Мәслихат депутаттарының сайлауы 29 қарашада өтеді

0 127

Бүгін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мәслихат депутаттарының сайлау өтетін күнін белгіледі. Мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлау науқаны аясында ОСК-ның алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман өз сөзінде заңға сәйкес мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы олардың өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей тағайындалуға тиіс екенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындау туралы қаулы етеді. Мәслихаттар халық тарапынан жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланады. Алдағы сайлау шеңберінде 228 мәслихатта 3 447 депутатты сайлау жоспарланған. Атап айтқанда, 668 мандат — 20 облыстық мәслихатта, 626 мандат — 38 қалалық мәслихатта және 2 153 мандат — 170 аудандық мәслихатта қарастырылған», деді Мұхтар Ерман.

Сонымен қатар отырыста Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауын дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары таныстырылып, бекітілді. Бұл құжат сайлауды ұйымдасқан түрде, әрі сапалы өткізу үшін маңызды.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну және өзін-өзі ұсыну кезеңі 14 қазанда басталып, 27 қазан күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Партиялық тізімдер мен кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-ге дейін аяқталуға тиіс. Сайлау алдындағы үгіт 1 қараша күні сағат 18:00-де басталып, 28 қараша күні сағат 00:00-де аяқталады. 28 қараша — тыныштық күні.

Сайлау күні дауыс беру учаскелерінде дауыс беру сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Сонымен қатар аумақтық сайлау комиссиялары тиiстi әкiмнiң, учаскелiк сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша дауыс берудi бастайтын және аяқтайтын басқа уақыт белгiлеуге хақылы. Мәслихат депутаттарын сайлау қорытындылары бес күндік мерзімде белгіленеді.