Құқықтық мемлекеттің жаңа бағдары

0 12

Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы оқиға – жаңа Қазақстан Республикасы Конституциясының заңды күшіне енуіне орай Конституциялық Сот «Жаңа Конституция: орнықты дамудың институционалдық және құқықтық негізі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткізді. Мемлекеттің құқықтық дамуының жаңа кезеңіне арналған алқалы жиынға орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, белгілі заңгер ғалымдар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылық қауымдастық мүшелері қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Конференция жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров те қатысып, елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалардың маңызын айқындайтын пікірталастың куәсі болды.

Жиынды ашқан Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның елдің құқықтық жүйесін жаңғыртудағы тарихи рөліне тоқталды. Оның айтуынша, халықтың тікелей ерік-жігерімен қабылданған Ата заң мемлекеттік басқару тетіктерін жетілдіруге, құқық үстемдігін нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға жол ашты.

– Жаңа Конституцияның қолданысқа енгізілуі – Қазақстанның конституциялық дамуындағы жаңа белес. Конституциялық Сот ендігі уақытта Ата заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, конституциялық құндылықтарды қорғауды жаңа деңгейге көтереді. Бұл – мемлекетіміздің құқықтық дамуындағы маңызды тарихи кезең, – деді Эльвира Азимова.

Конференцияға халықаралық ұйымдардың өкілдері де өз пікірлерін білдірді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Раднарагча Саранго мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Бас хатшысы Қайрат Сарыбай бейнеүндеу жолдап, елімізде жүзеге асырылған конституциялық реформалардың мемлекеттік институттарды нығайтып, орнықты даму қағидаттарын бекітуге ықпал еткенін атап өтті.

Сондай-ақ Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының Бас хатшысы Рамиль Гасан мен Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Феруза Эшматова да Қазақстандағы саяси-құқықтық өзгерістердің өңірлік маңызына тоқталып, жаңа Конституцияның халықаралық деңгейде де жоғары қызығушылық туғызып отырғанын жеткізді.

Пленарлық отырыс барысында қатысушылар құқықтық мемлекетті дамыту, заң үстемдігін қамтамасыз ету, сот төрелігінің қолжетімділігін кеңейту және заңнаманы жетілдіру мәселелерін кеңінен талқылады. Сонымен қатар цифрлық құқықтарды қорғау, құқықтық мәдениетті арттыру, азаматтардың құқықтық ақпаратқа қолжетімділігін кеңейту және қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы жаңа бастамалар сөз болды.

Ғылыми пікірталаста Конституциялық Соттың, Конституциялық комиссияның, жетекші жоғары оқу орындарының және сарапшылық орталықтардың өкілдері баяндама жасап, жаңа Конституцияның мазмұны мен құқықтық әлеуетіне жан-жақты талдау ұсынды. Бейнебайланыс арқылы қатысқан АҚШ-тың Техас университетінің профессоры Ричард Альберт пен Франция халықаралық қатынастар институтының атқарушы төрағасы Тьерри де Монбриаль Қазақстандағы реформалардың демократиялық институттарды нығайтудағы және құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі маңызын ерекше атап өтті.

Іс-шара аясында ерекше маңызға ие тағы бір бастама таныстырылды. Азаматтардың Ата заң мәтініне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Брайль қарпімен басылып шыққан Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа басылымы көпшілік назарына ұсынылды. Бұл инклюзивті қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.

Конференция барысында Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова мен «Қазпошта» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бекежан Жәкеев жаңа Конституцияның күшіне енуіне арналған арнайы пошта маркасына салтанатты түрде алғашқы мөр басты. Бұл рәсім жаңа Ата заңның ел тарихындағы маңызын айшықтай түсті.

Жиын қорытындысында қатысушылар жаңа Конституция Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде одан әрі дамуына берік негіз қалайтынын атап өтті. Сондай-ақ құқық үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру бағытындағы реформаларды жүйелі жалғастырудың маңыздылығына тоқталды.

Жаңа Конституцияның күшіне енуі – елдің құқықтық кеңістігін жаңғыртып қана қоймай, Қазақстанның орнықты дамуына бағытталған ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыруға берік құқықтық тұғыр қалыптастыратын тарихи қадам екені тағы бір мәрте айқындалды.