Қазақстанда шілде айында 44 градусқа дейін күн ысиды
Синоптиктер 2026 жылғы шілде айына арналған алдын ала ауа райы болжамын жариялады. Мамандардың мәліметінше, елдің көптеген өңірінде ауа температурасы климаттық нормаға жақын болады. Алайда бірқатар облыстарда жаз мезгілі әдеттегіден де ыстық болуы мүмкін, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Синоптиктердің болжауынша, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Жетісу, Қызылорда облысының басым бөлігінде, Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарының жекелеген аудандарында ауа температурасы орташа көпжылдық деңгейден жоғары болады.
Ел бойынша ауаның орташа айлық температурасы +21-ден +29 градусқа дейін болжанған. Оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерде көрсеткіштер +30…+31 градусқа дейін жетуі мүмкін. Ал солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарда +15-тен +20 градусқа дейін болады.
Ал көп өңірде жауын-шашынның мөлшері климаттық нормаға сәйкес болады. Сонымен қатар шілде айы Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облысында, сондай-ақ Ақтөбе, Ақмола, Павлодар және Батыс Қазақстан облысының кейбір аудандарында жауын-шашынды болуы мүмкін.
Түркістан облысы, Жамбыл облысы және Қызылорда облысының басым бөлігінде жауын-шашын тапшылығы сезіледі. Сондай-ақ Қарағанды, Алматы, Жетісу, Абай және Ұлытау облысының кейбір аудандарында да жаңбыр аз жаууы мүмкін.
Астана қаласында шілде айының орташа температурасы климаттық норма деңгейінде – шамамен +21,2 градус болады деп күтіледі. Ең ыстық күндер айдың екінші онкүндігінде болжанып отыр. Бұл кезде ауа температурасы +33…+38 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Ай бойы жаңбыр сіркіреп, найзағай ойнап, секундына 15-20 метрге дейін жететін екпінді жел және кей жерлерде бұршақ болуы ықтимал.
Алматы тұрғындарын қазіргі уақыттан да ыстық ауа райы күтіп тұр. Синоптиктердің мәліметінше, айдың орташа температурасы климаттық нормадан шамамен екі градусқа жоғары, яғни +26,4 градус болады. Екінші және үшінші онкүндіктерде мегаполисте аптап ыстық болып, ауа температурасы +39…+44 градусқа дейін жетуі мүмкін. Қатты ыстыққа қарамастан, кей кезеңдерде қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай күтіледі.
«Қазгидромет» мамандары ұзақ мерзімді болжамның алдын ала жасалатынын және жаңа метеорологиялық деректер түскен сайын нақтылануы мүмкін екенін еске салды.