Президент Германияның экономикалық қауымдастықтары мен қаржы институттары жетекшілерімен кездесті
Мемлекет басшысының Германия Федеративтік Республикасына ресми сапарының алғашқы күні аталған елдің жетекші іскерлік қауымдастықтары мен қаржы институттарының басшыларымен кездесуден басталды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылармен Германия қаржысын, тәжірибесі мен тәуекелді басқару тетіктерін Қазақстанның ресурсымен және көлік саласындағы мүмкіндіктерімен ұштастыру мәселесін талқылады.
Президент еліміз Германияның Орталық Азиядағы және Еуразия кеңістігіндегі сенімді серіктесі болуға ұмтылатынын мәлімдеді.
«Халқымыз Германияға айрықша құрметпен қарайтынын, абырой-беделі жоғары мемлекет деп білетінін атап айтқым келеді. Банк секторындағы темірдей тәртіпке, инженерлік шешімдердің жоғары сапасына, шағын және орта бизнестің орнықтылығына (Mittelstand) тәнтіміз. Экономикамызды жаңғырту мен технологиялық тұрғыдан трансформациялау үдерісінде дәл осы ерекшеліктерді үлгі тұтамыз. ГФР – Еуропадағы басты серіктестеріміздің бірі. Еліміздің ең ірі сауда-инвестициялық серіктесі – Еуропалық одақпен ықпалдастықта қазақ-герман ынтымақтастығының маңызы зор. Біз үлкен жолды еңсердік. Әйтсе де экономикалық байланысымыздың әлеуеті мұнымен түгесілмейді. Қазақстан оны жаңа сапалы деңгейге көтеруге дайын», деді Мемлекет басшысы.
Президент кездесуге қатысушыларға жақында S&P агенттігі Қазақстанның дербес рейтингін «тұрақты» деген болжаммен BBB деңгейіне көтергенін жеткізді. Fitch агенттігі де осындай баға берді.
Мемлекет басшысы соңғы он жылда еліміз өңірдегі ең озық цифрлық және қаржылық экожүйені құрғанына назар аударды.
«Экономикамызды қаржыландыруға даму институттары белсенді атсалысуда. Өткен жылы олар 20 миллиард доллар көлемінде қаражат бөлді. Қазақстан даму банкі ұзақ жылдар бойы неміс қаржы институттарының қолдауымен өнеркәсіп, энергетика, көлік инфрақұрылымы салаларында маңызды жобаларды іске асырып келеді. Бұл мақсатқа Deutsche Bank, Helaba, LBBW, Commerzbank, KfW және басқа да ұйымдардан 1,2 миллиард доллар қаржы тартылды», деді Мемлекет басшысы.