Павлодарда алаяқтар зейнеткерді төрт миллион теңгеге алдап кетті
Алаяқтар зейнеткерді төрт миллион теңгеден астам сомаға алдап кеткен, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Павлодар облысының Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Белгісіз біреулер павлодарлық қартқа телефон соғып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырған. Алаяқтар зейнеткерге біреудің оның атынан несие алғысы келгенін айтқан. Өтініштен бас тарту үшін тағы екі банктен несие алу қажет. Зейнеткер алаяққа сеніп, айтқанын орындаған. Нәтижесінде ер адам екі банктен өзіне жалпы сомасы 4 201 198 теңге несие алып, телефон соғушылардың көрсеткен есепшотына аударған.
Полицейлер бұған дейін жасалып жатқан ескертулерге қарамастан, азаматтар белгісіз қоңырау шалушыларға сенуін жалғастырып жатқанын атап өтті. Көбінесе қарт адамдар алаяқтардың құрбаны болады.
«Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктінің жеке басын анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр», деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары бейтаныс және белгісіз тұлғаларға сенбеуді сұрайды.