Он отбасы баспаналы болды

0 15

Баспана-отбасы бақыты. Қалпына келтіріп, кезең-кезеңімен пайдалануға беріліп жатқан қаладағы көпқабатты үйлер баспанаға мұқтаж қаншама жандардың қуанышын еселеп, шаңырақтарына шаттық сыйлауда. Күні кеше ғана тұрғын үй кезегінде тұрған он отбасының көптен бергі арманы орындалып, баспаналы болды.

Бұл жолы заманға сай жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткен Б.Момышұлы көшесі №11 үйдегі пәтердің кілттері көпбалалы, толық емес отбасыла-рымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарға тапсырылды.

Ел Тәуел­сіздігінің 30 жыл­дығына орай ұсынылған тұрғын үйдің кілтін табыстау рәсіміне арнайы келген аудан әкімі Қанатбек Мәдібек және аудандық мәслихаттың хатшысы Қадірбек Садубаев жаңа қоныс иелерінің қуанышына ортақтасты.

Өз кезегінде Қанатбек Қайшыбекұлы: -Пәтерлі болған жандардың қуанышы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осынау оң істердің барлығы елдің әлеуетін көрсететін ауқымды шаралардың көрінісі. Біздің міндетіміз-баспанаға мұқтаж жандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету.

Қоныстарыңыз құтты болсын! Шаңырақтарыңыз ырыс пен берекеге толсын,-деп ізгі   тілегін білдірсе, Қадірбек Рысқұлбекұлы: -Бүгінгі оқиға-барлық тұрғын үй кезегіндегі отбасылар үшін үлкен қуаныш. Сіздерді қос мереке,  яғни жаңа қоныстарыңызбен және Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерей­тойымен құттық­таймын, — деді.

Көшеге көрік қосып тұрған көпқабатты үйден пәтер бұйырған тұрғындардың қуанышы шексіз.

  -Қолданысқа берілген баспананың сапасы мықты, жобасы да бөлек. Бөлмелері  кең әрі жарық екен. Бізге осы жағы көңілімізден шықты. Өзім бес баланың анасымын. Назардан тыс  қалдырмай баспанамен қамтамасыз етіп отырған аудан әкімдігіне алғысымды білдіремін,-дейді жаңа пәтердің кілтін алған көпбалалы ана Жұлдыз Қабдеш.

Aulieatanews, Талас ауданы.