Облыс әкімі халықаралық конференцияға қатысты

0 446

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Жедел және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі» атты Түркітілдес халықтарының халықаралық конференциясына қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шара Жамбыл облысы мен Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қырғызстан және Қазақстанның Еңбек сіңірген дәрігері, Қазақстан жүрек-қан тамырлары хирургтар қауымдастығының төрағасы Сейітхан Жошыбаевтың 85 жылдығына орай, кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында ұйымдастырылды.

Ербол Қарашөкеев алдымен орталықтың материалдық-техникалық базасымен танысты.

Облыс әкімі аталған конференцияның маңыздылығына тоқталып, кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы ұжымының еселі еңбегін атап өтті.

— Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі – өмір сүру ұзақтығына әсер ететін өзекті мәселенің бірі.

Елімізде жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу және емдеу шаралары жоғары деңгейде дамып келеді. Науқастарға заманауи медициналық құрылғылармен ота жасалып, көмек көрсетілуде.

Сейітхан Жошыбайұлының осы саладағы еселі еңбегін атап өткен жөн. Ол білімі мен қажыр-қайратының арқасында адамдардың өміріне араша түсіп, алғысына бөленіп жүр.

Бүгінде білген-түйгенін кейінгі жастарға үйретіп, олардың кәсіби маман болып қалыптасуына ықпал етті, – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде кардиолог ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сейітхан Жошыбаев орталықтың миссиясына тоқталып, алдағы мақсаттарымен бөлісті.

— Атқарған жұмысымыз бен алдағы жоспарларымыздың барлығы ел игілігіне негізделген. Дәрігерлеріміз науқастарға ота жасап, емдеумен ғана шектелмей, ғылыми жұмыстармен айналысады. Алдағы уақытта Халықаралық медицина академиясын ашу ойымызда бар. Себебі, терең білімсіз медицинаны дамыта алмаймыз, – деген Сейітхан Жошыбайұлы конференция қатысушыларына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, басқосуда «University Medical Center» корпоративтік қоры мен «А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ-ның өкілдері және медицина саласының үздіктері орамды ойларымен бөлісті.

Айта кетейік, конференция барысында мамандар саладағы жетістіктер мен өзекті мәселелерді талқылайды. Сондай-ақ, білікті дәрігерлер заманауи әдістер негізінде ота жасап, өзара тәжірибе алмасады.