Облыс әкімі бизнес өкілдерімен кездесті

0 331

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бірқатар бизнес өкілдерімен еркін форматта кездесу өткізіп, ұсыныспікірлерін тыңдады. Басқосу барысында облыстағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, сауда саласын дамытудың перспективалары қаралды. Сондайақ базарларды жаңғырту жұмыстары мен өрт қауіпсіздігін сақтау шаралары талқыланды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ербол Қарашөкеев аймақта шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету негізгі басымдыққа ие екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының  бағасын тұрақтандырудың маңыздылығына тоқталды.

– Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру – басты мәселе. Бұл бағытта тұрақтандыру қорымен бірлесе жұмыс атқарып жатқан сауда желілері бар. Алайда, тұрғындар тарапынан әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасына қатысты шағымдар туындап жатады. Сіздерден бұл мәселеге бей-жай қарамай, бағаны тұрақты бақылауда ұстауды сұраймын, – деді облыс әкімі.

Аймақта агроөнеркәсіптік кешен саласында ауқымды жобалар қолға алынған. Ербол Қарашөкеев бизнес өкілдерін бұл бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Облыстық әкімдік шетелдік озық тәжірибелерді негізге ала отырып, кәсіпкерлердің жаңа бастамаларына қолдау көрсетуге ниетті. Бұл азық-түлік бағасының тұрақтылығына да ықпал етеді.

Жиында бірқатар базар, супермаркет басшылары мен жеке кәсіпкерлердің ой-пікірлері тыңдалып, сауалдарына жауап берілді.

Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі жауаптыларға өңір кәсіпкерлерін шетелдік ірі компаниялармен байланыстырып, мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.