Наурыз пәлсапасы

0 141

Әр ­жылдың Наурызында ел тари­хы­­ның жаңа бір парағы ашылып, өткен мен бүгіннің парқын айқындауымызды – әділеттіктің жөні деп қабылдаймыз. Байсалды бабаларымыз «Жаңа айда жарыл­қа, ескі айда есірке!» деген тіле­гін үйлесімділік Иесіне бағыштағаны анық.

Биыл елдіктің жаңа бағдары тарихи Сарайшық жұрты – Атырауда өткен Ұлттық құрыл­тайдың алқалы жиынында байыпталды. Сөзін Алтын Орда (Ұлық Ұлыс) мен Қазақ хандығының тағылымынан бастаған Президент Қ.К.Тоқаев: «Өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйе­сін қалыптастыруымыз қажет» деп бір түйіндеді. Дәл осы тұста бүгінгі рухани-мәдени саладағы «ала қойды бөле қырқу» үрдістері – арғы тарих тұлғаларына қатысты бұра тартушылық, күрделі кезең саяси қайраткерлерін бір-біріне қарсы қою секілді сыңаржақ көзқарас сыналды. Мемлекет басшысының: «Бұл – халқымыздың жүріп өткен жолы. Сол себепті, қалай десек те, тарихымызға шынайы көзбен қарап, оны сол қалпында қабылдауымыз керек» деген пайымы да Наурыз яки жаңару пәлсапасына сәйкес келеді.

Табиғатпен үндескен жаңа жылымыздың қарсаңында Атырауда өткен Ұлттық құрыл­тайда бірыңғай идеологиялық мәселелер ғана айтылған жоқ. Экономикадағы ізденіс пен бәсеке жолы, креативті индустрия, инфра­құрылымдық өзгерістер, көлік-логистика жаңа­рулары, ІТ ілгерілеулер, жасанды интеллект, әлеуметтік жобалар жайы сөз етілді.

Дей тұрғанмен, осының бәрінің басында сана сапасы – ниет пен істің түзіктігі, әділеттік пен жауапкершілік тұратыны ерекше айтылды. Мемлекет басшысы: «Шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам», деп тұжырымдады.

Өкінішке қарай, мән бермейтіндер үшін бүгінгі қоғам дерті «өзгелердің проблемасы» болып көрінеді. Бірақ алдын алмасақ, бұл кесел (синтетикалық есірткі, лудомания, вейп тәрізді наша құрдымы мен буллинг, агрессия, вандализм секілді бүлдіргілер) әрбір үйдің баласы, немересі кейпінде есігін қағып, төріне шыққалы тұр. Алқалы жиында осы дертпен күресудің жөн-жобасы айтылды. Әрине, оның бәрі атқарушы билік пен қоғамның бірлескен сауатты, жауапты іс-қимылы арқасында ғана жүзеге асады.

Ұлттық құрылтай мінберінен Президент өрелі істердің идеологиялық тұжырымы мен негізгі бағыттарын да дәйектеді. Олар: тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық. Бұлар – әділетті Қазақстан жаңа кезеңінің күн тәртібі.

Мұның өн бойында Мемлекет басшысы орайлы көрсеткен қазіргі өзгеріске толы әлемде бәсекеге қабілеттілік, озық технологияға негізделген білім экономикасы, цифрлық серпін, жасанды интеллект жүйесі дамыған елге айналу талабы тұр.

Осы биікке жетудің елдік тұжырымдамасы ретінде «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» үштағаны ұсынылды. Таза адам ел мүддесін жоғары қояды, таза еңбек елді гүлдендіруге бағытталады, таза табыс адамның өзін де, қоғамды да, мемлекетті де берекеге бастайды. Бұл – озық ойдың да, озық елдің де өсу, өрістеу бастауы. Бұл – Наурыз пәлсапасының (жаңару, көктеу) асыл арқауы.

Хакім Абай ғақлиясында Аплатон деп қадірлейтін ғұламаның мынандай даналығы бар: «Егер сұрақ жөнімен қойылса, барлық сұраққа жауап беруге болады». Мұның тәпсір-түсінігі – сөз бен істің үйлесімділігінде, мұқияттылық пен байыптылықта. Тағы осы Платон айтады: «Әділетсіз қадам жасау – әділетсіздікке төзуден де жаман нәрсе». Бұл ой да бүгін көкейкесті.

Біздіңше, Ұлттық құрылтай қоғамға, бәрімізге жөнімен сұрақ қойды. Енді оған жауап беру – баршамыздың парызымыз.

Аласапыран ХХ ғасырдың басында ұлтты ұйыстыру үшін бірегей «Қазақ» газетін шығарған Алаш қайраткерлері Наурызға сәйкес келген 5-нөмірінде былай дейді: «Ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт нәсіп болсын!» деп құттықтасады». Дәл осы жерде құттықтаудың сөзіне мән берген орынды. Әрі қарапайым, әрі иманды, әрі нақты. Біз де бүгін осы тілекті қайталаймыз: Қазақстанға жаңа бақыт нәсіп болсын!

Ақындығы мен елшілдігі тең Мағжан Жұмабай қазір біз «Наурыз ресми тоқтатылды» десіп жүрген 1926 жылдың өзінде: «Наурыз мейрамын тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға пайдалы игі іс қылатын мейрам ету керек» деп жазыпты. Абай аманаттаған бес асыл іс пен сақтандырған бес «қашық істің» арасында адасып жүрген бізге тура бағыттап айтқандай. Иә, жаңарған Наурызнаманың тұрмыстық және ғылыми мазмұны дәйекті болғаны жөн.