Енді көлік нөмірін туыстарға беруге болады

0 4

Ішкі істер министрлігінің көлікті тіркеу қағидаларына енгізген өзгерістері күшіне енді. Енді бұрын қолданылған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін жақын туыстарға қайта рәсімдеуге мүмкіндік берілді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Жаңа тәртіпке сәйкес, бұрын пайдаланылған нөмірлерді мемлекеттік органдарға, шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелерге, сондай-ақ олардың қызметкерлері мен отбасы мүшелеріне қайта беру қарастырылған.

Сонымен қатар мемлекеттік нөмірлерді ата-анасына, балаларына, асырап алушылар мен асырап алынғандарға, туған және өгей бауырларға, ата-әжелеріне, немерелеріне, жұбайына немесе бұрынғы жұбайына рәсімдеуге болады. Бұл құқық бұрынғы иесінің мұрагерлеріне де берілді.

Нөмірді қайта рәсімдеу үшін бұрынғы иесінің өтініші және туыстықты немесе мұрагерлік құқықты растайтын құжаттар қажет. Олардың қатарында неке куәлігі, туу туралы куәлік және мұрагерлік құқығын растайтын құжаттар бар. Сондай-ақ нөмірдің телнұсқасын дайындауға арналған мемлекеттік баж салығы төленуге тиіс.