Меркідегі бизнес форум: инвестиция мен игіліктің жаңа белесі
Меркі ауданында өткен «Меркі Бизнес Форумы» өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Форум барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары, жаңа инвестициялық жобалар мен кәсіпкерлікті қолдау мәселелері кеңінен талқыланды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және аудан тұрғындары қатысты. Форумның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердің экономикалық қуатын арттыру, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі тапсырмаларының жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын атап өтті.
Өңір басшысының айтуынша, соңғы жылдары Жамбыл облысында инвестициялық белсенділік айтарлықтай артқан. Нәтижесінде облыс негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі бойынша республикадағы алдыңғы қатарлы өңірлердің біріне айналды. Бұл көрсеткіш өңір экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын және инвесторлардың сенімінің нығайғанын көрсетеді.
Бүгінде облыста жаңа өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын дамыту, өңдеу өнеркәсібін өркендету және халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Биылдың өзінде бірнеше инвестициялық жоба іске қосылып, жүздеген жаңа жұмыс орны ашылған. Ал жыл соңына дейін жүзеге асырылатын жаңа жобалар өңір экономикасына қосымша серпін бермек.
Форум барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. Сондай-ақ белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев өңірде жүзеге асырылып жатқан игі бастамаларға тоқталып, елді мекендердің көркеюі мен жаңа әлеуметтік нысандардың салынуы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға оң ықпал етіп отырғанын атап өтті.
Жиында кәсіпкерлер де өздерінің болашақ жоспарларымен бөлісті. Солардың бірі – Меркі ауданында медициналық және құрылыс бағытындағы екі заманауи колледж салу жобасы. Әрқайсысы мың студентке арналған білім ордалары өңірдің кадрлық әлеуетін арттырып, жастардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Мұндай бастамалар ауданның әлеуметтік дамуына ғана емес, еңбек нарығындағы сұранысты қамтамасыз етуге де жол ашады.
Кәсіпкерлер туған жердің өркендеуіне үлес қосу әр азаматтың парызы екенін атап өтіп, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға дайын екендерін жеткізді. Форум аясында Меркі ауданы әкімдігі мен демеушілер арасында жалпы құны 360 миллион теңгені құрайтын алты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Келісімдер негізінде алдағы уақытта әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылады.
Іс-шара соңында ауданның тарихи және мәдени мұрасын, табиғаты мен туристік әлеуетін кеңінен таныстыратын «Меркі» фотокітабының тұсаукесері өтті. Жаңа басылым өңірдің бай тарихын насихаттап, оның туристік мүмкіндіктерін танытуға бағытталған.
Меркі төрінде өткен бизнесфорум инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және әлеуметтік әріптестікті нығайту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Форум барысында көтерілген бастамалар мен жасалған келісімдер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға қызмет етпек.