Мемлекеттік қолдау нақты нәтижеге ұласуда

0 7

Сарысу ауданында соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық келбетін өзгерте түсуде. Өндірістің өсуі, инженерлік инфрақұрылымның жаңаруы, елді мекендерді газдандыру және әлеуметтік нысандарды жаңғырту – аудан дамуының негізгі бағыттарына айналған, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Әсіресе өнеркәсіп саласындағы көрсеткіштер көңіл қуантады. Биыл ауданда өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 71,9 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 113,2 пайызды құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 48,5 млрд теңге болған еді. Яғни өндіріс көлемінің артуы аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі қалыптасып келе жатқанын аңғартады.

Бұл өсімге «Қазфосфат», «ЕвроХим» және жаңартылатын энергия көздері бағытында жұмыс істейтін кәсіпорындармен қатар, жаңа өндірістік жобалар да ықпал етуде. Соның бірі – «Qazaq Soda» компаниясының кальцийлендірілген сода өндіретін зауыты. Ауданда іске асырылып жатқан зауыт құрылыстарының жалпы құны 638 млрд теңгені құрайды. Жобалар толық қуатына шыққанда 2 200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Өнеркәсіптің дамуы әлеуметтік жауапкершілікпен де сабақтасып отыр. Ірі кәсіпорындар елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға, тұрғындарға қолдау көрсетуге атсалысуда. Бұл өндірістің аудан өміріне тек экономикалық тұрғыдан емес, әлеуметтік жағынан да әсерін күшейтеді.

Аудан тұрғындары үшін маңызды жобалардың бірі – табиғи газбен қамту. Қазіргі таңда 14 елді мекенді, оның ішінде Жаңатас қаласын газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Жоспарланған 391,6 шақырым газ желісінің 362,5 шақырымы тартылған. Жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 39 мыңнан астам тұрғын көгілдір отын игілігіне қол жеткізеді.

Жаңатас қаласына табиғи газдың келуі де – аудан үшін елеулі жаңалық. Қалалық қазандыққа газ жеткізіліп, қазандық жабдықтарын жаңа отын түріне бейімдеу жұмыстары басталды. Бұл алдағы уақытта жылумен қамту жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Өзгерістер әлеуметтік салада да байқалады. Сарысу аудандық орталық ауруханасында күрделі жөндеу жүргізіліп, медициналық мекеме заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылуда. Алдағы уақытта гемодиализ қызметін жергілікті жерде ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл қазіргі таңда Тараз немесе Шымкент қалаларына қатынауға мәжбүр науқастар үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырмақ.

Ауданның әлеуметтік ортасын дамытуда мәдени-ағартушылық жобалардың да орны бар. Кітапханалар цифрлық форматқа бейімделіп, ауыл тұрғындарына электронды қызметтерді пайдалануға мүмкіндік беретін ақпараттық орталықтар жұмыс істейді. «Жылжымалы кітапхана» жобасы арқылы кітапханашылар шалғай ауылдар мен жайлауларға барып, тұрғындарға кітап жеткізуде.

Бір қарағанда әртүрлі көрінген бұл жұмыстардың ортақ мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру. Өндіріс жаңа жұмыс орындарын қалыптастырса, газдандыру мен инфрақұрылымдық жобалар күнделікті тұрмысқа қолайлы жағдай жасайды. Ал денсаулық сақтау мен мәдениет саласындағы жаңарулар адам капиталының сапасына әсер етеді.

Сондықтан Сарысудағы бүгінгі өзгерістерді жекелеген жобалардың жиынтығы ретінде емес, ауданның ұзақ мерзімді дамуына бағытталған кешенді жұмыстардың нәтижесі ретінде бағалауға болады. Мемлекеттік қолдау мен инвестициялық жобалардың жүйелі жалғасуы өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, тұрғындар үшін нақты әлеуметтік нәтижелерге жол ашуда.