Мемлекет басшысы Сингапурдың Аға министрі Ли Сянь Лунды қабылдады

0 10

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурдың Аға министрі Ли Сянь Лунмен кездесті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында Ли Сянь Лунның алғашқы сапары еліміз үшін тарихи мәнге ие екенін атап өтті.

«Осыдан 35 жыл бұрын, Қазақстан тәуелсіздігінің елең-алаңында, яғни 1991 жылдың қыркүйегінде әкеңіз Ли Куан Ю Қазақстанға келді. Сол сапар өзара қарым-қатынасымыздың берік негізін қалаған еді. Біз Сингапур басшылығының көреген саясатын жоғары бағалаймыз. Қаржы, сауда, инновация мен технологияның жаһандық орталығына айналудағы жетістіктеріңіз таңғалдырады. Сіздің еліңіздің тәжірибесі бүкіл халықаралық қоғамдастыққа үлгі болып отыр», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оған дәлел – тұрақты саяси диалог, сауда-саттықтың өсімі және сингапурлық капиталдың көптеп тартылуы.

«Қазақстан мен Сингапур Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия өңірлерінде ірі сауда серіктестері болып қала береді. Қазақстанда 500-ге тарта Сингапур капиталы бар компания жұмыс істейді және олардың қатары арта түсуде», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, елдеріміз көпжақты форматтар аясында тығыз байланыс орнатқан. Екі мемлекет те орта держава саналады. Осы орайда, Президент халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша тараптардың ұстанымдары ұқсас екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси өзгерістер туралы әңгімеледі

Мемлекеттік басқару мен саяси жүйені одан әрі жетілдіруге бағытталған бастамалар «Күшті Президент, ықпалды Құрылтай және есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген.

Мемлекет басшысы Қазақстан қолайлы инвестициялық климат қалыптастыруға және шетелдік инвесторлардың құқығын қорғауға баса назар аударатынын айтты.

Елімізде бірқатар сингапурлық компаниялар мен қорлар, соның ішінде PSA International, Temasek Holdings сияқты кәсіпорындар табысты қызмет етуде.

Бұдан бөлек, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық барысы талқыланды.

«Біз авиациялық хабты дамыту аясында арта түскен сұранысқа сай болу мақсатында Астанада жаңа заманауи әуежай салу жөнінде шешім қабылдадық. Осы орайда, Сингапурдың озық тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырып отыр. Чанги әуежайы әлемдік авиацияда «алтын стандарт» ретінде танылған. Тиімділігі жоғары әрі озық инновациялар енгізілген кешен жолаушыларға мінсіз қызмет көрсетеді. Біз жаңа жобаны іске асыруда осы тәжірибені ескеріп, авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ниеттіміз», деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сингапур арасында жасанды интеллект және цифрландыру бойынша ықпалдастықты жандандыруды ұсынды.

«Қазақстан – цифрлық мемлекет. Еліміз цифрлық технология мен жасанды интеллект саласында көш бастайды. Бұған осы салада жүргізіліп жатқан жүйелі реформалар ықпал етті. Біз Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрып, Цифрландыру және жасанды интеллект жылын жарияладық», деді Президент.

Сингапурдың Аға министрі Ли Сянь Лун екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік бергені үшін Президентке алғыс айтып, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы елеулі жетістіктерді атап өтті

«Алғашқы Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтаймын. Сіздің жетекшілігіңізбен іске асырылып жатқан ауқымды саяси реформаларды қолдаймыз. Екіжақты қарым-қатынасымыз жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілді. Қазақстан компанияларының Сингапур нарығына қызығушылығы артып келеді. Осыған байланысты келісімшарт-құқық базасы да ойдағыдай дамуда. Инвестицияларды өзара қорғау, сондай-ақ көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімдер ратификацияланды. Мұны атап өткен жөн», деді Ли Сянь Лун.

Әңгімелесу барысында экономика, көлік-логистика, «ақылды» қалаларды дамыту, ауыл шаруашылығы, аса маңызды минералдар және туризм салаларындағы ықпалдастықты кеңейту перспективасына баса мән берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Ли Сянь Лунды I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады