Мемлекет басшысы Эверест шыңын бағындырған қазақ қызын құттықтады

0 163

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анар Борашеваны әлемдегі ең биік Эверест шыңын қазақ қыздарының арасынан бірінші болып бағындыруымен құттықтады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президент оның осынау айтулы жетістігі жастарды спортпен шұғылдануға жігерлендіргенін айтты. Мемлекет басшысы спорттың мұндай қиын әрі қауіпті түрімен айналысу үшін асқан ерік-жігер, төзімділік, сондай-ақ психологиялық және физикалық дайындық керек екеніне назар аударды.

Анар Борашева тауға өрмелеумен 2015 жылдан бері айналысып келе жатқанын, ал альпинизмнің қыр-сырын кәсіби түрде соңғы 4 жыл ішінде меңгергенін айтты. Эверестке дейін ол көптеген шыңды бағындырып үлгерген. Оның ішінде Альпі тауларындағы Монблан шыңы мен Африкадағы ең биік Килиманджаро тауы бар.

Әңгімелесу барысында альпинист алдағы уақытта әлемдегі ең биік жеті шыңды бағындыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысына Эверест шыңына алып шыққан Қазақстан туын сыйға тартты.

Қасым-Жомарт Тоқаев отандық спортшылар әртүрлі халықаралық додаларда ел намысын лайықты деңгейде қорғап жүргенін атап өтіп, Анар Борашеваның алдағы уақытта жаңа биіктерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.