Маңғыстаулық медиктер жамбылдық әріптестерінің тәжірибелерімен танысты

0 893

Маңғыстау облысының алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлерінен құралған делегация облысымызға келді. «Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығының басқарма төрағасы Роза Абзалова мен Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров бастаған топ Тараз қалалық екінші емхананың жұмысымен танысты.

Денсаулық сақтау минстрлігінің «Инновациялық технологияларды енгізу туралы» №288 бұйрығының негізінде облысымыздың Меркі, Талас, Жамбыл аудандары мен Тараз қаласының №2-ші, №5-ші емханаларында ашылған алғашқы медициналық және әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі «Үздік тәжірибелер орталығының» жұмыс істеп жатқанына екі жыл уақыт болды. Бүгінде Қазақстандағы алғашқы-медициналық көмек көрсетудің үлгісі болып саналатын бұл орталықтар оқыту орнына айналып отыр. Осы бұйрыққа сәйкес, «Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығының сарапшылары облысымыздағы бес «Үздік тәжірибе орталығының» атқарған жұмысы мен көрсеткен қызметтерінің жетістіктерін өзге облыстарға үлгі ретінде көрсетуде. Басқа облыстар мен аймақтардағы емдеу мекемелерінің қызметкерлері осында келіп, жұмысымен танысып, біліктіліктерін жетілдіріп, өздерінде тәжірибе ретінде пайдалануда.

Бұл жолы да қонақтарға емхананың кіре берісінен бастап, пациентті күтіп алу мен оған көрсетілетін көмек түрлері, скрининг бөлмелері, профилактикалық орталық, оңалту бөлімшесі, диагностика және күндізгі стационарға дейінгі медициналық-санитарлық қызмет түрлері жан-жақты көрсетіліп, түсіндірілді. «Жан-нұр» денсаулық орталығының жұмысымен танысқан делегация мүшелері екінші қалалық емханадағы «Үздік тәжірибелер орталығының» жұмысына қатысты сұрақтар қойып, бас дәрігер Жеңіс Тойшыбековаға алғыстарын айтты.