Карантин режимі күшейтілді

0 40

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында шұғыл хабарлама жасаған Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сәуірдің 17-сінен бастап облыс аумағында карантин режимінің қатайтылатынын мәлімдеді, – деп хабарлайды “Aulieatanews” Ақпараттық агенттігі.

Өйткені, елімізде, соның ішінде Жамбыл облысында инфекция жұқтырғандар саны көбеюде. «Ең бірінші байлығымыз – адам, оның денсаулығы десек, қазіргі жағдайда біз азаматтарымызды аман сақтап қалу үшін қатаң шараларға баруымызға тура келіп тұр», деді Бекболат Серікбекұлы. Бұл қандай шаралар?

Біріншіден, елді мекендер, соның ішінде Тараз қаласының ішіндегі қоғамдық көліктер қатынасы толықтай тоқтатылады. Мысалы карантин енгізілгеннен кейін Тараз қаласында автобустардың саны да, жүріс ырғағы да қысқартылған болатын. Алайда, автобустардың жүру тәртібі сақталмауда әрі онымен қатынайтын тұрғындардың саны азаю орнына күрт көбейіп кеткен.

Екіншіден, жеңіл автокөліктердің де жүруіне тыйым салынып отыр. «Күні бүгінге дейін түрлі анықтамалармен жүріп келген автокөліктерге ертең таңғы сағат 8:00-ден бастап шектеу қойылады. «Сергек» базасына енгізілген, яғни блок-бекеттердегі тексеру алаңдарындағы арнайы планшеттерге енгізілген 14 мыңнан аса азаматтың тізімі де қайта тазартылады», деді облысы әкімінің бірінші орынбасары. Содан кейін «Сергек» базасында қалдырылған, қала аумағына азық-түлік тауарларын, медициналық бұйымдар мен препараттарын, бірінші кезекте қажетті тауарларды тасымалдайтын, көктемгі егіс және ауыл шарушылығы жұмыстарын жүргізу үшін қажетті тұлғалар мен автокөлік құралдары ғана өткізілетін болады. Карантин режимін бұзғандар, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Үшіншіден, елді мекендерде, облыс орталығында жергілікті полиция қызметі мен әскери қызметшілер жұмыла отырып, тұрғындардың жүріс-тұрыс мақсатына жіті тексеру жұмыстарын жүргізетін болады. Бекболат Серікбекұлының айтуынша, қанша жерден шектеу қойылып, тәртіп түсіндіріліп жатса да қала ішінде халық емін-еркін жүріп-тұруын тоқтатар емес. Ендігі жерде тұрғындардың көшелерде және өзге де қоғамдық орындарда үш адамнан артық жиналмауы, аса қажет болмаған жағдайда тұрғын үйден шықпауы, азық-түлікті, бірінші кезекте қажетті заттарды, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуға, жұмысқа ғана шығуы қатаң қадағаланбақ. Тек халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлері, медициналық қызметкерлердің қала аумағына кіруге және шығуына, авариялық-құтқару қызметтерінің, жедел медициналық көмектің көліктері ғана жүруіне рұқсат беріледі.

Төртіншіден, барлық екінші деңгейлі банктердің, «Казпочта» АҚ-ның, ақша ауыстыру пунктерінің жұмыстары тоқтатылады. Олар онлайн режимінде және «клиентке дейін жеткізу» қағидаты бойынша ғана жұмыс істейтін болады. «Дегенмен, халықтың жағдайына қарайласып, «Казпочта» АҚ бөлімшелерінің алдағы демалыс күндері, яғни 18-19 сәуірде де жұмыс істеуіне рұқсат етіліп отыр», деді Бекболат Орынбеков .

Облыс әкімінің бірінші орынбасары ҚР Бас санитарының арнайы қаулысына сәйкес қабылданып отырған, айналып келгенде тұрғындар игілігі үшін жасалып жатқан бұл іс-шараларға облыс жұртшылығының, Тараз тұрғындарының түсіністікпен қарап, қолдау көрсететініне сенім білдірді. Адам аяғы тыйылмай, ауру да тыйылмайтынын көптеген елдің тәжірибесі көрсетіп отырғанын, сондықтан «сақтансаң – сақтайды» деген қағиданы ұстанып, сабыр сақтап, үйден шықпауға шақырды.