Ермекова Гульбахрам Сериковнаның сайлауалды бағдарламасы

0 5

Байзақ Аудандық Мәслихатының Депутаттығына №13 Бірмандаттық Аумақтық Сайлау Округі Бойынша “Әділет” Партиясынан Ұсынылған Кандидат Ермекова Гульбахрам Сериковнаның Сайлауалды Бағдарламасы

Мен,  Ермекова Гульбахрам Сериковна, 1973 жылдың 11 сәуірінде Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында дүниеге келдім. Жоғары білімдімін. 1995 жылы Жамбыл педагогикалық институтының математика  пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірдім.

Еңбек жолымды 1995 жылы Байзақ  ауданы, Сарыкемер ауылындағы А.С.Макаренко атындағы орта мектебінде мұғалім болып бастадым.

2009-2016  жылдар аралығында  директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. 2016 жылдың 5 желтоқсанынан бастап Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры қызметін атқарып келемін.

2021 жылғы 15 қаңтарда VII шақырылған Байзақ аудандық мәслихатының депутаты болып сайландым.

2023 жылғы 30 наурыз VIII  шақырылымның Байзақ аудандық  мәслихатының депутаты болып сайландым.

«Әділет» партиясының мүшесімін.

Құрметті сайлаушылар!

Егерде мен Байзақ аудандық мәслихаттың депутаты болып сайлансам, өзімнің білімім мен біліктілігімді, күш — жігерімді ауылымызды дамытуға, халықтың тұрмыс-тіршілігін көтеруге жұмсап, ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсартуға бағыттайтын боламын.

Аудан тұрғындарын әлеуметтік қорғау және халықтың демографиялық өсіміне қол жеткізу.

Ауданымызда әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылар кездеседі. Олардың көбі көпбалалы отбасылар. Мен аудандық мәслихаттың депутаты болып сайлансам бірінші кезекте осы отбасыларын әлеуметтік қолдау ауқымын кеңейтіп, мемлекеттен беріліп жатқан жәрдемақылармен қатар, осы отбасылардың мүшелерін бірінші кезекте жұмыспен қамтуға баса мән беріп, орындалуын бақылауға аламын.

— Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мақсатында жеке кәсіпкерлікті дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға ықпал ету. Әсіресе, ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтардың өз кәсібін кеңейтуіне, мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдетілген несиелерді тиімді пайдалануына бағыт-бағдар беріп, тиісті мекемелермен бірлесе жұмыс жүргізу.

— Көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларының балаларына білім басқармасы арқылы берілуі тиіс және беріліп жатқан жәрдемдерді ауылдағы мектептердің оқушыларына қолжетімді ету.

— Денсаулығына, тұрмыс деңгейінің төмендігіне байланысты әлеуметтік қолдауға зәру азаматтарға құқықтық көмек көрсету, кеңестер беру және құжаттарын рәсімдеу арқылы оларға әлеуметтік көмекті алуына мүмкіндіктер жасау.

— Халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыссыз жүрген отбасыларды жеке шаруашылығын дамытуға берілетін несиені аудандық жұмыспен қамту орталығынан алуға құқықтық кеңес беру және жұмыспен қамту орталығының мамандарын тарта отырып, ауылдық жерлерге көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізу.

— Ауылдағы атқарушы органдармен, ардагерлер кеңесімен бірлесе отырып, ауыл жастарын тәрбиелеуге баса мән беру, спорт үйірмелерін ашу арқылы жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасап, теріс қылықтарға бой алдыруына тосқауыл қою.

— Білім беру саласын одан әрі дамыту үшін мектептердің материалдық — техникалық базаларын нығайтып, жастардың спортпен шұғылдану ауқымын кеңейту үшін дене тәрбиесімен айналысатын құрал — жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесін шешуге атсалысамын.

— Ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, бос уақыттарын тиімді пайдалануды ұйымдастыруға ықпал ету арқылы ауылдарда жастардың тұрақтауына қол жеткізу.

— Ауылға келген жас мамандардың ауылға орнығуына қолайлы жағдайлар жасау арқылы, олардың шалғай ауылдарда тұрақталуын қамтамасыз ету жағдай жасау.

— Сарыкемер ауылдық округіндегі жаңа тұрғын үй алқаптарына жарық беру мәселесін шешуге атсалысу, ауылдардың авто жолдарын жөндету, электр бағандары мен трансформаторларының желілерінің тиісті талаптарға сай болуын және түнгі электр шамдары жоқ көшелерге түнгі шамдардың орнатылуына атсалысу.

— Халыққа қызмет көрсету мекемелеріндегі түрлі қызметтердің тиісті стандарттарға сай болуын қадағалау.

— Аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту, ауылдық жерлердегі медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жағдайын нығайту мәселелерін көтеру. Сонымен қатар, шалғай ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмекке уақытылы қол жеткізуіне, профилактикалық тексерулер мен түсіндіру жұмыстарының тұрақты жүргізілуіне ықпал ету.

Халықтың арыз-шағымына терең мән беріп, әрбір адамның мұң-мұқтажының оң шешілуіне көмектесу, тек өзімнің сайлау учаскеммен шектеліп қалмай, аудандық мәслихатының депутаттық құзыретіне орай, барлық аудан халқына қызмет жасауға ден қоятын боламын. Депутаттық қызмет барысында халықпен тұрақты байланыс орнатып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеруді-басты назарда ұстау. Ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіп, көтерілген мәселелердің шешілу барысын бақылау, олардың орындалуы жөнінде халыққа ашық ақпарат беріп отыру.

 Азаматтардың арыз-шағымдарын тиісті мекемелер мен құқық қорғау органдарымен уақытылы, әділ қаралуына ықпал ету де менің басты қағидам болады.

Құрметті сайлаушылар!

Мен үшін депутаттық қызмет-тек міндет емес, ең алдымен халық алдындағы үлкен жауапкершілік. Мен сайлауға жоғарыда көрсетілген мәселелерді шешу арқылы халқымның тұрмысын жақсартуға ықпал етемін деген мақсатпен бара жатырмын. Осы мәселелерді бірлесіп шешуге біздің қарым-қабілетіміз бен қадыр-қасиетіміз жеткілікті екеніне сенімдімін.

Тапсырыс жасаған тұлға: №13 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Гульбахрам Сериковна  Ермекова.

Қандай қаражат ақысынан төленген:

Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар есебінен төленді.