Байбатчаев Нурлан Серикбаевичтың Сайлауалды Бағдарламасы
Байзақ Аудандық Мәслихатының Депутаттығына №12 Бірмандаттық Аумақтық Сайлау Округі Бойынша Өзін-Өзі Ұсынған Кандидат Байбатчаев Нурлан Серикбаевичтың Сайлауалды Бағдарламасы
ӨМІРБАЯНЫ
Мен, Байбатчаев Нурлан Серикбаевич, 1984 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында дүниеге келдім. 1990 жылы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы орта мектептің 1-сыныбына қабылданып, 2001 жылы орта білімімді аяқтадым. 2001 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына түсіп, 2005 жылы «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесінде жоғары білім алып шықтым.
2012 жылы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтына (бұрынғы Шерхан Мұртаза Халықаралық университеті) «Құқықтану» мамандығы бойынша сырттай оқу бөліміне түсіп, жоғары білім алдым.
Еңбек жолым: 2005 жылы Сарыкемер ауылындағы Ю.А. Гагарин атындағы орта мектепке дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып орналастым.
2009-2011 жылдары аталған мектепте директордың құқықтық тәрбие жөніндегі орынбасары қызметін атқардым.
2011-2013 жылдары Байзақ ауданы, Диқан ауылы, Диқан тірек мектебінде директордың бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары қызметін атқардым.
2013-2014 оқу жылында Сарыкемер орта мектебінде әлеуметтік педагог қызметін атқардым. 2014-2026 жылдар аралығында Сарыкемер мектеп-гимназиясында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қызметін атқардым.
2026 жылдың қыркүйек айынан бастап бүгінгі күнге дейін Сарыкемер гимназия-тірек мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келемін.
Үйленгенмін.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА
Ұраным: «Бірлігіміз бекем, тірлігіміз көркем болсын!».
Құрметті жерлестер!
Мен – осы өңірдің тумасымын. Мектептегі тәрбие жұмысында, құқықтық тәрбие саласында ұзақ жыл еңбек етіп келемін. Балалардың қауіпсіздігі, ата-ананың алаңы, ауылдың мәселесі -маған жат емес. Сол себепті №12 округтен депутаттыққа түсіп отырмын. Менің мақсатым — уәде беру емес, нақты іспен нәтиже көрсету.
МЕНІҢ БАСТЫ БАҒЫТТАРЫМ:
- Қауіпсіз қоғам-басты басымдық. Мектептер мен көшелерді жарықтандыру, бейнебақылау орнатуды талап ету, «Қауіпсіз қоғам», «Заң және тәртіп» жобаларын жалғастыру. Буллингке, кибербуллингке, зорлық-зомбылыққа қарсы жұмысты күшейту. Балалар мен жасөспірімдер үшін қауіпсіз орта құру.
Қоғам қауіпсіздігі ең алдымен әрбір отбасының тыныштығы мен балалардың алаңсыз өмір сүруінен басталады. Осы орайда құқықтық сауаттылықты арттыру, тұрғындардың заң алдындағы жауапкершілігін қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға ерекше мән беру қажет.
Өзім білім беру саласында қызмет атқарған жылдар ішінде жас ұрпақ тәрбиесінің қоғам болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін терең түсіндім. Сондықтан мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты нығайтуға, жасөспірімдермен жүргізілетін тәрбиелік жұмыстардың мазмұнын арттыруға, олардың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік пен өзара құрмет құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етуді көздеймін.
Сонымен қатар тұрғындардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және өзекті мәселелерді тиісті мекемелер алдында жүйелі түрде көтеру депутаттық қызметімнің маңызды бағыттарының бірі болады.
- Білім мен тәрбие. Мектептердің материалдық базасын жақсартуға ықпал ету. Жас мұғалімдерді қолдау, білім сапасын арттыру. Оқушыларға қосымша үйірме, спорт секцияларын ашуға көмектесу.
Оқушылардың бойына отансүйгіштік, жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға ерекше мән беру қажет. Бұл ретте мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайтып, жас ұрпақтың тәрбиесіне қоғам болып атсалысу маңызды. Сонымен қатар оқушылардың қабілеті мен қызығушылығын дамытуға мүмкіндік беретін тәрбиелік іс-шараларды қолдаймын.
- Ауыл инфрақұрылымы. Округтегі жол, су, жарық, тазалық мәселелерін мәслихат деңгейінде көтеру. Ауылішілік жолдарды жөндеу, аялдама, балалар алаңын салуға ұсыныс енгізу. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мәселесін назарда ұстау.
Ауыл аумағының тазалығы мен көркейту жұмыстарына да басымдық берілуі тиіс. Көгалдандыру, ағаш отырғызу және қоғамдық орындарды күтіп ұстау мәселелерін назарда ұстап, тұрғындарды ортақ іске жұмылдыруға ықпал етемін. Себебі таза әрі жайлы ауыл-баршаға ортақ жауапкершілік.
- Еліміздің болашағы — жастар. Салауатты ел — дамыған, келешегі жарқын ел. Жастар мен спорт. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортты дамыту. Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу. Ауыл жастарының кәсіптік бағдар алуына қолдау көрсету.
Ауыл балалары мен жастарының спорттық жарыстарға қатысуына қолдау көрсетіп, қабілетті спортшылардың танылуына мүмкіндік жасау қажет. Спорттық үйірмелердің жұмысын жандандыру және бұқаралық спортты дамыту да маңызды. Осы арқылы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосуға болады.
- Ай сайын сайлаушылармен кездесу өткіземін. Әр өтінішке жеке жауап беремін. Атқарған жұмысым туралы ашық есеп беремін.
Құрметті №12 округ сайлаушылары!
Мен сіздердің сенімдеріңізді ақтауға дайынмын. Дауыс беру-бұл болашағымызды таңдау.
Тапсырыс жасаған тұлға: №12 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Нурлан Серикбаевич Байбатчаев.
Қандай қаражат ақысынан төленген: Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар есебінен төленді.