Гульмира Медеровнаның сайлауалды бағдарламасы

0 4

Байзақ Аудандық Мәслихатының Депутаттығына №17 Бірмандаттық Аумақтық Сайлау Округі Бойынша Өзін-Өзі Ұсынған Кандидат Дуйсебаева Гульмира Медеровнаның Сайлауалды Бағдарламасы

Мен, Дуйсебаева Гульмира Медеровна, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыбарақ ауылында дүниеге келдім. Қазіргі таңда Байзақ ауданының Құмжота ауылында тұрамын.

1994–1996 жылдары Абай атындағы гуманитарлық колледжде білім алдым.

2005 жылы Тараз мемлекеттік университетін «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдадым.

Еңбек жолымды 1996 жылы Бурыл орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастадым. Содан бері осы білім ордасында үздіксіз қызмет атқарып, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге үлес қосып келемін.

Ұстаздық қызметімде әр баланың қабілетін ашуға, білімге қызығушылығын арттыруға және адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға ерекше мән беремін.

Көп жылғы еңбегімде әріптестерімнің сенімі мен ауыл тұрғындарының құрметін бағалап, сол сенімге лайық болуға ұмтылып келемін. Елге адал қызмет етіп, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосу — мен үшін абырой.

Отбасылымын. 4 бала тәрбиелеп отырмын.

АУЫЛДЫҢ ӨРКЕНДЕУІ-ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫ!

Мақсатым — Үлгілі және Қостөбе ауылдық округтерінің дамуына, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға үлес қосу.

НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫМ:

 Оқушылар мен ұстаздарды қолдау, жастардың білім алу мүмкіндіктерін кеңейту.

Ауылдағы білім беру сапасын арттырумен қатар, жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды, туған жерге деген сүйіспеншілікті және үлкенге құрмет, кішіге ізет қасиеттерін қалыптастыруға да мән беру қажет. Осы мақсатта мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайтуға, тәрбие жұмыстарына ата-аналар мен қоғам өкілдерін кеңінен тартуға бағытталған бастамаларды қолдаймын. Баланың тәрбиесі тек мектептің емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі деп білемін.

Білімді ұрпақ тәрбиелеу – ауылдың жарқын болашағына салынған инвестиция. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарған маман ретінде әр баланың сапалы білім алып, өз қабілетін дамытуына тең мүмкіндік жасалуы қажет деп есептеймін. Осы мақсатта мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, оқушылардың білім сайыстары мен шығармашылық байқауларға қатысуына қолдау көрсету, жас педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау мәселелерін көтеремін.

Жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру және сапалы ауыз сумен тұрақты қамтуға ықпал ету.

Ауыл тұрғындарының жайлы өмір сүруі ең алдымен негізгі инфрақұрылымның сапасына байланысты. Әсіресе, ауылішілік жолдардың жағдайы, ауыз су жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі және көшелердің жарықтандырылуы тұрақты назарда болуы тиіс. Осы мәселелер бойынша тұрғындардың өтініштерін жинақтап, тиісті мекемелерге ұсыныстар енгізу арқылы олардың кезең-кезеңімен шешілуіне ықпал етемін.

Спорт пен ойын алаңдарын дамыту, үйірмелер мен жастар орталықтарының жұмысын жандандыру.

Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау да маңызды міндеттердің бірі. Ауылдарда балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық, мәдени және шығармашылық үйірмелердің санын арттыруға, қолданыстағы ойын алаңдарының жағдайын жақсартуға қолдау көрсетемін. Сонымен қатар ауыл жастарының бастамаларын қолдап, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасауға күш саламын.

Мемлекеттік көмектің әділ әрі уақытылы берілуін қадағалау, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысу.

Әлеуметтік қолдау мәселесінде әрбір отбасының жағдайы мен қажеттілігін ескеру маңызды. Көпбалалы отбасылардың, аз қамтылған азаматтардың, жалғызбасты ата-аналар мен көмекке мұқтаж тұрғындардың өтініштеріне ерекше назар аударуды көздеймін. Мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік көмектер туралы ақпараттың тұрғындарға қолжетімді болуына және олардың заңды құқықтарын пайдалануына ықпал етемін.

Ауылдық округтерде тұрғындарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мәселесіне де назар аудару қажет. Әсіресе, ауыл әйелдерінің шағын кәсіп ашуына, өз кәсібін дамытуына және мемлекеттік бағдарламалар туралы қажетті ақпарат алуына қолдау көрсетуді маңызды санаймын. Бұл отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және ауыл экономикасының дамуына оң ықпал етеді.

Ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру және қолайлы орта қалыптастыру.

Ауылдың тазалығы мен көркеюі – барша тұрғынға ортақ міндет. Осы бағытта қоғамдық орындарды күтіп ұстау, балалар мен үлкендердің демалуына қолайлы жағдай жасау, көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу бастамаларын қолдаймын. Сонымен қатар тұрғындарды ауыл тазалығын сақтауға жұмылдырып, ортақ іске деген жауапкершілікті арттыруға үлес қосамын.

Депутаттық қызметтің басты міндеті-халықтың сенімін ақтап, тұрғындар мен жергілікті басқару органдары арасындағы байланысты нығайту. Сондықтан ауыл тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізіп, олардың ұсыныстары мен талаптарын тыңдауға, көтерілген мәселелердің шешілу барысын бақылауға басымдық беремін. Атқарылған жұмыстар туралы ашық ақпарат беріп, әрбір бастаманың нәтижелі болуына жауапкершілікпен қараймын.

Ауылдастармен бірлесе, ортақ мәселелерді шешуге және ауылымызды көркейтуге дайынмын!

Тапсырыс жасаған тұлға: №17 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Гульмира Медеровна Дуйсебаева.

Қандай қаражат ақысынан төленген:

Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар есебінен төленді.