Елімізде темекі бағасы қымбаттады

0 7

Қаржы министрінің бұйрығына сәйкес, 2026 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстанда 20 тал темекіден тұратын бір қораптың ең төменгі бөлшек сауда бағасы 1060 теңге болып белгіленді. Жаңа баға 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданылады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Бұған дейін, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі баға 970 теңге болған.

Сонымен қатар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап темекінің ең төменгі бөлшек сауда бағасы тағы да өсіп, 1120 теңгені құрайды.

Белгіленген ең төменгі баға сүзгілі және сүзгісіз темекіге, папиросқа, сигариллаға және қыздырылатын темекі өнімдеріне қолданылады.

Бұған дейін Қаржы министрлігі ең төменгі бөлшек сауда бағасын көтеру темекі өнімдеріне қатысты салық және баға саясатын тиімді жүргізуге бағытталғанын түсіндірген болатын.

Ведомствоның мәліметінше, бұл шара темекі тұтынуды азайтуға, бюджет кірісін арттыруға және көлеңкелі экономиканың үлесін қысқартуға ықпал етеді.