Бектенов Атырау облысындағы су тасқыны жағдайын бақылады

0 187

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жетекшісі Олжас Бектенов Атырау облысындағы ахуалды бақылады. Ол аумақты тікұшақпен аралап, өзен жағалауларын нығайту жұмыстарының барысын қарады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олжас Бектенов Құлсары қаласы тұрғындарымен сөйлесіп, олардың қабылданып жатқан шараларды күшейту бойынша сұрақтарына жауап берді.

Сондай-ақ Жайық, Жем өзендері жағдайымен танысты. Жылыой, Қызылқоға аудандарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы ТЖ режимі сақталып отыр. Бүгінде Қызылқоға ауданындағы Миялы, Аққора, Жангелдин, Жасқайрат, Көздіқара ауылдарында қауіп-қатердің беті қайтты.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданы жағынан Жем өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты Жылыой ауданы Құлсары қаласын су басқан. 28 551 адам эвакуацияланды.

Өңірде келетін су көлемін азайту үшін Жем өзенінің сағасы үш жағынан қазылды, сондай-ақ Жем өзені бойында орналасқан жасанды бөгеттер бұзылды. Бұл өзен арнасының бағытын өзгертуге және судың кедергісіз ағуын қамтамасыз етуге, оның Каспий теңізіне қарай өткізу қабілетін ұлғайтуға және су тасқыны қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде тұрғындар мен волонтерлер тұрғын үй секторын су басуына жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.