БАЛАУСА әншілер байқауы
Талас ауданы Есейхан ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Ақжарқын Оңалбаева мен осы мәдениет үйінің мәдени ұйымдастыру-шысы Жандос Лесбектің ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай осы мәдениет үйіндегі ән үйірмесіне қатысып жүрген балалар мен жасөспірімдер арасында «Жанды дауыс – жан рахаты» атты байқау өтті.
Өнерді өрге шығаратын, таланттыны төрге оздыратын, арнасын әнге, ортасын сәнге толтыратын киелі сахна төріне осы байқаудың бұлбұлы мен дүлдүлі болсам деген 8 жас әнші жиналды.
Әншілер халық әндері мен эстрадалық және еркін тақырыптағы әндердің мәтіні мен оның мазмұн – мағынасына аса көңіл бөліп, әрқайсысы бір – бір әннен орындауға тиіс болды.
Жеңіс тұғырынан көрінсем деп қанаттанып келген жас әншілердің киім үлгісі мен сахнада өзін – өзі ұстау мәнері, көмейден суырыла шығып, көк жүзінде қалықтаған сан әуезді әндері көрермендерді бір желпіндіріп, қуаныштың құшағына орады. Әсіресе, «Анашым, ана – жаным» әнін орындаған Кәусар Сандыбек, «Ұстаз – Ана» әнін шырқаған Ясина Алдаберген, «Достарым менің» әнін әуелеткен Ақәділ Кеңесбек, «Шіркін – ай» әнін орындаған Мереке Жолшыбектің өнеріне тыңдарман қауымының қошаметі өте зор болды.
Жалпы қорытынды бойынша әділ қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Ақәділ Кеңесбек лайық деп танылды. Ал, 1 – орын Мереке Жолшыбекке тиесілі болды. Кәусар Сандыбек пен Ясина Алдаберген 2 – орынға тұрақтаса, Нұртас Бейсен мен Азамат Беласар 3 – орынды иеленді.
Фарида Ратова,
Aulieatanews, Талас ауданы.