Балабақша — бақытты балалық ордасы

0 43

Балабақша — балалық шақ өмір сүретін үй, балалар шынымен бақытты болатын жылы және жайлы орын. Мұнда олар сурет салуды, ән айтуды, би билеуді, тәуелсіз болуды үйренеді, бір сөзбен айтқанда, бұл кішкентайлар үшін нағыз мектеп. Міне сондай «Санаторный»  деп аталатын балабақша Меркі ауданының балаларына есігін ашты. Аталмыш балапандарға арналған ыстық ұяның жөні бөлек.

Бүгінде «Санаторный» балабақшасында 40 бала тәрбиеленуде. Олардың барлығы осында жылы, жайлы және тыныш екінші үйлерін тапты. Бөбекжай ұжымында 25 адам қызмет атқаруда. Олардың қатарында Фатима Шолпанбайқызы Жексембиева, Тамиля Рашидовна Алиева, Оксана Изатуллоевна Погребня және тағы басқа бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан білікті мамандар мен тәрбиешілер бар. Мұндағы барлық мамандар тәжірибелі және өз жұмысын жақсы көретіндер. Олар  өз оқушыларымен мүмкіндігінше жақын қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Балаларға арналған қызықты іс-шаралар, конкурстар, ойындар өткізіп, спорттық іс-шаралар ұйымдастырып отырады. Оқушылармен жаттығулар жасай отырып, балаларды тәртіпке, алғашқы әріптерді жазып білуге үйретеді, Осындай түрлі жаттығулардың көмегімен балалар өмірге бейімделіп ән айтып би билейді, театр қойылымдарына қатысады,

2020 жылдан бастап балаларды бөбекжайға ПМПК арқылы және фтизиатр-дәрігердің жолдамасы арқылы қабылдай бастады. Балабақшаның басым бағыты — сауықтыру. Тәрбиеленушілермен сабақ мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес жүргізіледі. Алдын алу және сауықтыруға бағытталған түзету сабақтары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Санаторный» балабақшасында логопед жұмыс істейді, ол балаларға сөйлеуді дамытуға көмектеседі.

Мұнда балалар күніне бес рет тамақтанады. Түрлі жаттығулар жасап, дене шынықтырумен айналысады. Тәжірибелі аспаздар Рита Владимировна Фокина мен Нұрсұлу Асқарбекқызы Бекқұлиева балаларға дәмді және тәбетті тағамдар дайындайды. Әр күн үшін мәзір алдын-ала жоспарланған. Барлық санитарлық нормалар сақталады. Балабақшада күн балалар үшін қызықты өтуге барлық жағдай жасалған.