Бағдат Мусин Қазақстаннан кетті

0 322

Бұрынғы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бірнеше күннен бері Қазақстаннан тыс жерде жүр, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі. 

«Мен АҚШ-та жүргеніме бірнеше күн болды. Белгілі бір мақсаттар бар. Әрине, мен уәде етілгендей, кәсіби мәселелерді отбасылық мәселелермен біріктіруге тырысамын. Бұл жолы сүйіктім Дина, кенже қызым Бірғаным үшеуміз шағын топ болып ұшуды жөн көрдік», деп жазды Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол осы күндері «Bay Area»-да өтетін бірнеше іс-шараларға қатысуды жоспарлап отырғанын айтты.

«Дәстүр бойынша «Digital Nomads»-пен (біздің аймақтың «Bay area»-да орналасқан IT мамандарымен) кездесіп, түрлі әлеуметтік бастамаларды талқылаймыз. Кездесу біз құрған «Silkroad» инновациялық хабының қабырғасында өтеді. Еліміздің Спорттық бағдарламалау федерациясының басшысы болғандықтан, осы жылдың қыркүйегінде Астанада зияткерлік спортымыздан (спорттық бағдарламалау) Әлем чемпионатының финалын өткізуге қатысты бірнеше ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге барамын. Ол үшін мен «ICPC» басшысы Билл Поучермен және оның командасымен кездесемін», деп түсіндірді экс-министр.

Бағдат Мусин сондай-ақ басқа елдерде цифрландырудың негізін қалыптастыру мәселесін талқылау үшін түрлі университеттердің профессорларымен бірнеше кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.

«Қазақстанның тәжірибесін одан әрі тарату қажет. АҚШ университеттері бұған қызығушылық танытады деп ойлаймын. Сондай-ақ түрлі қорлармен, компаниялармен кездесулер өтеді. Жалпы, бұл сапарға жоспар көп. Барлығын орындауға мүмкіндігінше тырысамын», деп түйіндеді ол.