ҚазАвтоЖол” компаниясының басқарма төрағасы тағайындалды

0 37

Асқар Маратұлы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы болып тағайындалды, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.

Асқар Маратұлы 1976 жылы туған. Шығыс Қазақстан техникалық университетін «көліктегі экономика және менеджмент» мамандығы бойынша, сонымен бірге Л. Гончаров атындағы қазақ жол-көлік университетін «автомобиль жолдары және аэродромдар құрылысы инженері» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1998 жылы бастады.

Зеренді ауданы әкімі, Ақмола облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.

2019 жылдың 3 сәуірінен қазірге дейін Ақмола облысы әкімінің орынбасары болды.

Еске салайық, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы Ұлан Әліпов жұмысын дұрыс атқармағаны үшін қызметінен кеткен еді. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке республикалық және жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Жұмысын дұрыс атқармағаны үшін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов қызметінен босатылды. Барлық өңірде бюджет қаржысының жұмсалуына, көлік магистральдарының салынуына және жөнделуіне бақылау күшейтіледі. Президент алдағы уақытта аталған мәселені өзінің жеке бақылауында ұстайды», – деп хабарлады Берік Уәли.

Ұлан Әліпов бұл қызметке 2019 жылдың ақпанында тағайындалған еді.