Ардагерлерді ардақтап…

0 47

9-мамыр – Жеңіс күні мерекесінің қарсаңында, аудан әкімі Руслан Нұрсипатов ауданымыздағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлерінде болып, елімізге бейбіт өмірді сыйлаған ардақтыларымызды құттықтады, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Ұлы Жеңісті бізге батыр аталарымыз бен апаларымыз алып берді. Бір өкініштісі, қазіргі таңда соғысқа қатысып, қан майданнан аман-есен елге оралған сол ардагерлеріміздің қатары жыл сайын азайып барады. Сондықтан, оларды аялап-ардақтау, барынша қамқорлық жасап, құрметтеу – біздің міндетіміз, ұрпақтық парызымыз. Өйткені, біздің бүгінгі күні осындай бейбіт өмір сүруіміз үшін олар жанын беріп, қасық қаны қалғанша күресті.

Жалпы, ауданымыздан 12 мыңға жуық азамат соғысқа қатысқан болса, олардың 8 мыңнан астамы елге аман-есен оралып, әртүрлі салаларда еңбек етіп, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне өздерінің үлестерін қосты. Ал, қазіргі таңда ауданымызда Ұлы Отан соғысына қатысқандардан Жармухамбетов Азим, Калачев Антон Антонович, Баннов Василий Иванович, Сенюшова Евгения Петровна, Медетбеков Өмірбек, Анафияев Көлбай Анафияұлы сынды ардагерлеріміз арамызда бар.

Осынау мерекеге орай, аталған ардагерлерді құттықтап, әрқайсысының шаңырағына арнайы кірген Руслан Маратұлы (суреттерде) оларға денсаулық тілеп, ыстық лебіздерін білдірді: «Ұлы Жеңіске сіздердің арқаларыңызда қол жеткіздік. Сіздер ел үшін, жер үшін жауға қарсы соғысып, бізге осындай болашақ сыйладыңыздар. Жаумен жан пида ете соғысып, ерліктің де, елдіктің де озық үлгісін көрсеттіңіздер. Сіздердің осындай сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес ерліктеріңізді келешек ұрпаққа дәріптеп, жеткіземіз. Біз сіздерді құрметтейміз, әрдайым сіздердей батырлардың ұрпақтары екенімізбен мақтанамыз. Сіздерге қарап бой түзейміз. Мың алғыс сіздерге, құрметті ардагерлер», – деді аудан басшысы. Сондай-ақ, Руслан Маратұлы мерекелік сый-сияпаттар тарту етіп, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арнайы тағайындалған бір миллион теңгенің сертификаттарын да сыйға тартты.

Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына да, міне, 76 жыл толыпты. Уақыт өткен сайын жылнамалар желісі сол бір қасіретті кезеңді бізден алыстатып барады. Дегенмен, ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды. Себебі, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс – тек біздің ғана емес, ол – күллі әлемге қауіп төндірген гитлерлік фашизмді жер бетінен жойып жіберген барша адамзаттың жеңісі болып тарихта қалды.