Алдын алу шараларының 92 пайызы орындалды

0 235

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Атырау облысында су басу қаупін азайту үшін қабылданып жатқан шаралардың барысын тексерді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олжас Бектенов облыс орталығын­дағы тұрғын үй алаптары бекіністерін тексеру барысында Атырау қаласы­ның су тасқынының болжамды екін­ші тол­қ­ынына дайындық жұмыс­тарымен та­нысты. Батыс өңірде Ресей Феде­рация­сының Иреклі су қоймасынан судың келуіне байланыс­ты, сондай-ақ Жайық өзеніне құйылар сағадағы ірі тасқын мен су деңгейінің көтерілуі салдарынан жағдай күрделі күйінде қалып отыр.

Бұрын хабарланғандай, Батыс Қазақстан облысындағы ірі су тасқы­нынан кейін ағын су өзен арнасымен Атырау облысына қарай жылжып, Каспий теңізіне құяды. Соңғы тәулікте Батыс Қазақстан облысы тарапынан келетін судың әсерінен Атырау қаласында су деңгейінің 6 см-ге көтерілуі тіркелді (су тасқыны басталғаннан бері жалпы көтерілуі 227 см-ді құрады).

Тұрғын үй алаптарын нығайту, сондай-ақ Жайықтың өткізу қабілетін арттыру үшін өзен түбін тереңдету жұмыстарының қарқыны тексерілді. Тиісті күштердің көлемді судың келуіне дайындық деңгейін қарап көрді.

Үкімет басшысы Олжас Бек­тенов Атырау облысына су тасқыны жағ­дайы тұрақтанған өңірлерден әскери қызметшілер мен техниканы жедел жеткізіп, күштерді арттыруды тапсырды.

Бүгінгі таңда су тасқынының алдын алу шараларының 92%-ы орындалды. Жұмысты тиімді жүргізу үшін қала 111 секторға бөлінген. Ұзындығы 482 км қорғаныс бөгеттері салынды, аяқталған учаскелер техникалық қадағалау арқы­лы тексерілді. Жұмыстарға ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұланның 6 мыңға жуық әскери қызметшісі, әкім­дік қызметкерлері, 2 мыңға жуық техника жұмылдырылған. Еріктілер тарапынан белсенді көмек көрсетіліп келеді. Өткен сенбіде жағалауды нығай­ту сен­білігі аясында қаланы қорғау жұмыс­тарына 9 мыңға жуық ерікті қатысты.

Сонымен қатар Жайық өзенінен Каспий теңізіне су өткізу қабілетін арттыру үшін өзен түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су жолдарын тазарту, тереңдету және кеңейту мақсатында арнайы техникалық флоттық кемелер, гидравликалық экскаваторлар қолданылуда.

Сонымен қатар суару-суландыру жүйелерінде су тасқынына қарсы жұ­мыстар жүргізіліп келеді. Атырау облысында 15 каналдың 14-і Жайық өзені бойында орналасқан. Төрт жүйеде (Соколок, Нарын, Черная речка, Бақсай) тасқын судың өздігімен ағуына мүмкіндік бар. Осыған байланысты суды бұру үшін жер бедерін пайдалану мақсатында арналар тазартылып, каналдың жиегі бұзылады. Мысалы, NCOC компаниясы қолданыстағы құрылыстарды бөлшектей отырып, ұзындығы 24 км болатын «Соколок» қосымша айналма арнасын салу үшін жерді қазу жұмыстарын жүргізуде. Жалпы алғанда, аталған су бұру арналары тасқын суды 139,9 м3/сек ағызу мүмкіндігіне ие. Барлық негізгі су қабылдағыштарда сорғы стансаларының қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқаруда.

Айта кетейік, қауіпті аймаққа Жар­суат және Құрылыс елді мекендері кіре­ді, бұл аумақта 10,5 км бөгет орна­лас­қан. Қазіргі уақытта бұл аумақта арна­йы техникалар арқылы бөгеттер тұрғы­зыл­ған. Сондай-ақ су басу қаупі бар Ин­дер­бор, Елтай, Есбол, Көктоғай, Бөдене, Өр­­лік, Ынтымақ ауылдарында бөгет­т­ер көтеріліп жатыр. Жағалауды нығай­ту жұ­мыс­тары Индер, Махамбет, Исатай, Құр­манғазы аудандарында жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар су тасқынынан зардап шеккен Жылыой ауданында ТЖ зардаптарын жою жұмыстары жүргізілуде. Электр және газбен жабдықтауды қалпына келтіру жалғасып жатыр. 201 үйде газ беру қалпына келтірілді, 41 үйде дезинфекциялық жұмыстар аяқталды. Зардап шеккен тұрғындарға баспананы уақытша жалға алу үшін және басқа мақсаттарға 100 АЕК мөл­шерінде қаржылық көмек көрсетіледі, 3 271 отбасы төлем алды. Залалды баға­лау және өтеу жөніндегі комиссия жұмысын жалғастыруда.