Әділетті қоғамға – шыншыл сөз

0 3

Жамбылда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылдары айтқан ойлары мен ел дамуына қатысты пікірлері жинақталған «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы таныстырылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, журналистер, азаматтық қоғам өкілдері мен жастар қатысты. Кездесуде кітаптың мазмұнына шолу жасалып, онда көтерілген мәселелер төңірегінде пікір айтылды.

Жинаққа Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бүгінге дейінгі аралықта айтылған баяндамалар, сұқбаттар, мақалалар мен еңбектерден негізгі ойлар енгізілген. Мемлекет, қоғам, азамат, заң, білім, ғылым, мәдениет және елдің болашағына қатысты пікірлер тақырып бойынша жүйеленген.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өз сөзінде Мемлекет басшысының Жамбыл өңіріне көрсетіп келе жатқан қолдауына тоқталды.

– Мемлекет басшысының Жамбыл жеріне айрықша назар аударып, тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқанын баршаңыз жақсы білесіздер. Президенттің облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге, жаңа өндірістерді іске қосуға, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бастамалары өңіріміздің келешегі үшін айрықша маңызға ие, – деді облыс әкімі.

Ербол Қарашөкеев Әулиеата өңірінің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу жұмыстарына да тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді орындау барысында нақты нәтижеге басымдық берілуі керек.

Кітапта елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелермен қатар, қоғамдағы жауапкершілік, заң мен тәртіп, білім мен ғылымның маңызы, мәдениет пен ұлттық құндылықтар жайы да қамтылған. Әртүрлі жылдары айтылған ойлардың бір жинаққа топтастырылуы оқырманға ел дамуындағы негізгі бағыттарға қатысты көзқарастарды бір жерден қарауға мүмкіндік береді.

Таныстырылымда Қазақстан Журналистер одағының Жамбыл облысы бойынша төрағасы Жаңабай Миллионов, жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев, облыстық «Знамя труда» газетінің бас редакторы Людмила Мельник және облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Кадралиев сөз сөйлеп, кітап жөніндегі пікірлерін білдірді.

Сөз алғандар жинақта қамтылған мәселелердің қоғам өмірімен байланысына тоқталып, елдегі өзгерістер мен реформалардың мәніне қатысты ойларын ортаға салды. Әсіресе, жастардың қоғамдық өмірге араласуы, білім мен мәдениеттің орны, азаматтық жауапкершілік мәселелеріне назар аударылды.

Кездесу барысында қатысушылар кітаптың мазмұнына қатысты пікір алмасып, ондағы ойлардың әр кезеңдегі қоғамдық өзгерістермен сабақтастығына тоқталды. Жаңа еңбек оқырманға Мемлекет басшысының ел дамуына қатысты әр жылдары айтқан пікірлерін жинақтап оқуға мүмкіндік беретін басылым ретінде таныстырылды.