Меркіде табиғатты қорғау ісіне жаңа серпін беретін нысан ашылды

0 18

Жамбыл жерінің табиғи байлығын сақтау, орман қорын молайту және экологиялық туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта Меркі ауданында «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің жаңа әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай салынған нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары мен жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Табиғаты көркем Меркі өңірі орман-тоғайы, тау бөктері мен мөлдір бұлақтарына қоса, жануарлар дүниесінің сан алуандығымен де ерекшеленеді. Бұл байлықты сақтау – тек табиғат қорғау мекемелерінің ғана емес, барша қоғамның міндеті. Сондықтан жаңа әкімшілік ғимараттың ел игілігіне берілуі өңірдегі экологиялық жұмыстарды жүйелеуге және парк қызметкерлерінің жұмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік бермек.

Жалпы, облыстың мемлекеттік орман қоры 4 миллион 416 мың гектар аумақты алып жатыр. Өңірде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың саны – 10. Соның бірі – 2025 жылы құрылған «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі. Қорғалатын аумақтың жалпы көлемі 83 мың 713 гектарды құрайды. Мұнда 59 маман еңбек етеді.

Парк қызметкерлерінің алдында ауқымды міндеттер тұр. Атап айтқанда, табиғи кешендердің тұтастығын сақтау, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларды қорғау, экологиялық туризмді дамыту және табиғи, тарихи-мәдени нысандарды қалпына келтіру жұмыстары негізгі бағыттардың қатарында. Әсіресе, адам қолы тимеген табиғи ортаны келешек ұрпаққа аман жеткізу – жауапты әрі үздіксіз еңбекті қажет ететін іс.

Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі өңірінің табиғи әлеуетіне тоқталып, оны қорғау мен күтіп ұстаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, табиғат – кейінгі ұрпаққа қалатын баға жетпес мұра. Сондықтан қоршаған ортаға жанашырлық таныту әр азаматтың күнделікті дағдысына айналуы тиіс.

– Табиғат – ата-бабадан қалған аманат, келер ұрпаққа табыстайтын асыл мұра. Алатаудың етегіндегі Меркі – табиғаты ерекше, тарихы терең өлке. Асқар таулары, мөлдір бұлақтары, қалың орманы мен шалғынды жайлаулары – Жамбыл жерінің көркі. Осы байлықты көздің қарашығындай сақтау – бүгінгі буынның басты парызы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатқа деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Таза табиғат – Таза Қазақстанның негізі. Қоршаған ортаға құрмет – әр азаматтың туған жерге деген сүйіспеншілігінің көрінісі, – деді облыс әкімі.

Бүгінде парк аумағында туристерге қолайлы жағдай жасау және инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың қолдауы айрықша. Олардың демеушілігімен кіреберіс бекеті, көрініс тамашалауға арналған алаңшалар, стрит-воркаут алаңы, балалар мен демалушыларға арналған орындар жабдықталған. Мұның бәрі табиғи аумақтың туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Парк аумағындағы жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де назардан тыс қалмаған. Қазіргі уақытта жайылымдық жерлер 117 пайдаланушыға берілген. Олардың жалпы көлемі 40 мың 955 гектарды құрайды. Ара шаруашылығын өркендетуге ниетті үш пайдаланушыға жалпы сыйымдылығы 242 ара ұясына арналған учаскелер қарастырылған. Бұдан бөлек, бақ шаруашылығына 3 гектар жер бөлінсе, туристік мақсатта төрт пайдаланушыға меморандум негізінде 11,5 гектар аумақ қарастырылған. Осы бағыттардан жергілікті бюджетке 8,3 миллион теңгеден астам қаражат түскен.

Табиғи ортаны қалпына келтіру мен орман қорын ұлғайту жұмыстары да жалғасын табуда. Осы уақытқа дейін парк аумағына 2 мың түп ағаш көшеті отырғызылған. Сонымен бірге алдағы уақытта көшет егу үшін питомникте 150 келі қарағаш тұқымы жиналған. Мұндай жұмыстардың маңызы зор. Өйткені орманды сақтау тек бар ағашты қорғаумен шектелмейді, оның қорын тұрақты түрде толықтыруды да талап етеді.

Меркі паркінің басты байлығының бірі – жануарлар дүниесі. Мұнда Қазақстанның Қызыл кітабына енген қар барысы, арқар, үнді жайрасы, қызыл қасқыр, Түркістан сілеусіні секілді сирек кездесетін аңдар мекендейді. Соңғы жүргізілген санақ нәтижесінде парк аумағында 10 қар барысы, 158 арқар және 26 сілеусін тіркелген. Бұл көрсеткіштер табиғи аумақтың жануарлар әлемі үшін маңызды мекен екенін аңғартады. Сонымен қатар аталған жануарларды қорғау, олардың тіршілік ету ортасын сақтау және санын тұрақты бақылау мамандардың күн тәртібіндегі негізгі міндеттердің бірі болып қала бермек.

Салтанатты шара барысында облыс әкімі орман шаруашылығы саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға арналған техникалардың кілтін табыстады. Атап айтқанда, сала қызметкерлеріне 15 «КамАЗ» жүк көлігі мен 15 трактор берілді. Бұл техникалар орман қорын күтіп-баптау, табиғатты қорғау және шаруашылық жұмыстарын жүргізу кезінде пайдаланылмақ. Сонымен қатар Ербол Қарашөкеев табиғат қорғау саласының мамандарына және жаңа ғимараттың құрылысына атсалысқан мердігер ұйым өкілдеріне ризашылығын білдірді.

– Бүгінгі қуаныш – ең алдымен парк қызметкерлерінің жетістігі. Табиғатты қорғау – төзімділік пен адалдықты, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілікті талап ететін жауапты еңбек. Тау мен орманды, бұлақ пен жайлауды күн-түн демей күзетіп жүрген әрбір маманға шынайы алғысымды білдіремін. Жаңа ғимарат – сіздердің еңбектеріңізге берілген лайықты баға. Ұжымдарыңызға ынтымақ, жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Меркінің көркем табиғаты сіздердің қамқорлықтарыңызбен келер ұрпаққа сол қалпында жететініне сенемін, – деді облыс әкімі.

Жиында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев, ҚР Құрылтайының депутаттары Дәулет Кәрібек пен Әбілхайыр Тамабек, табиғат қорғау саласының ардагері Мұратхан Шүкеев те сөз сөйледі. Олар өңірдегі табиғи байлықты сақтауда мемлекеттік өңірлік табиғи парктің маңызына тоқталып, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне тілектестік білдірді.

Шара соңында қонақтар жаңа әкімшілік ғимаратты аралап, парк инфрақұрылымымен танысты. Бұдан кейін бірлесіп ағаш отырғызу рәсімі өтті.

Жаңа ғимарат пен берілген техникалар табиғат қорғау саласының жұмысын жандандыруға септігін тигізері сөзсіз. Дегенмен Меркі өңірінің табиғи байлығын сақтау бір ғана мекеменің міндеті емес. Бұл – ортақ жауапкершілік. Ал сол жауапкершілікті сезініп, табиғатты көздің қарашығындай қорғау бүгінгі күннің де, келешектің де маңызды талабы болып қала бермек.