Былғары қолғап шеберлері Тараз төрінде бақ сынады

0 29

Таразда бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп, елдің әр өңірінен жиналған үздік былғары қолғап шеберлері шаршы алаңда күш сынасты. Араға 12 жыл салып Әулиеата жерінде ұйымдастырылған дүбірлі додаға 20 өңірден 369 спортшы қатысып, ел біріншілігінің жүлдесін сарапқа салды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Жарыстың жартылай финалдық кезеңі де жанкүйерлерге тартысты сәттер сыйлады. Жекпе-жектерді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев тамашалады. Сондай-ақ шараға Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп, ұлттық құраманың бапкерлері, халықаралық дәрежедегі төрешілер мен бокс жанкүйерлері қатысты.

Ел біріншілігінің Тараз қаласында өтуі өңірдегі спортсүйер қауым үшін елеулі оқиға болды. Өйткені Қазақстан чемпионаты – жас боксшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, ұлттық құрама сапына іріктелетін спортшыларды анықтайтын маңызды жарыстардың бірі. Мұнда әрбір кездесудің нәтижесі мен рингтегі өнер спортшылардың алдағы мансабына әсер ететіні анық.

Биылғы чемпионатта Жамбыл облысының намысын 33 боксшы қорғады. Олар өзге өңірлерден келген қарсыластарымен кездесіп, жергілікті жанкүйерлердің қолдауына ие болды.

Облыс әкімі жарыс алаңында спортшылармен және жаттықтырушылармен жүздесіп, оларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар шаршы алаңдағы әр кездесудің әділ өтуіне жауапты төрешілерге де тілегін жеткізді.

Айта кетейік, Таразда өтіп жатқан ел чемпионаты өңірдегі бокс мектебінің әлеуетін танытуға да мүмкіндік берді. Әулиеата төріндегі жарыстың жартылай финалдық белдесулері жанкүйерлердің қызығушылығын арттырып, финалдық кезеңге деген үмітті күшейте түсті.