Әдемі қартаюдың үлгісін көрсеткен қаламгер

0 152

«Көне Тараз» мәдени кешені, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында белгілі журналист, қоғам қайраткері, Жамбыл облысының құрметті азаматы Баттал Жаңабевтың туғанына 95 жыл толуына орай  «Әулиеата» ЖШС мен Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Баттал Жаңабайұлының журналистік жолы: қазіргі баспасөздегі ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында «Дөңгелек үстел» отырысы өтті, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Қайраткер-қаламгергердің 95 жылдығына арналған шараны «Әулиеата» ЖШС-нің бас директоры Данияр Асқарұлы ашты. Одан кейін облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова сөз алып, жақында өмірден өткен қарт журналистің өмір жолына қысқаша тоқталып, бүгінгі қолға алынып отырған шараның маңызын айтып, мұндай іс-шара алдағы уақытта жалғаса беретінін жеткізді. «Ертең ол кісінің тұрған үйіне облыс басшылығының қатысуымен ескерткіш тақта орнатылады» деді.

Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Ғұмыр-дария» газетінің директор-бас редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі Жаңабай Миллионов, «Баттал Жаңабайұлының журналистік жолы: қазіргі қазақ баспасөзінің ұрпақтар сабақтастығы», ардагер журналист, жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Елен Әлімжан «Баттал Жаңабайұлы — білікті редактор, қарымды қаламгер және қайраткер», жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Көсемәлі Сәттібайұлы «Баттал Жаңабайұлы — ұстаз және тәлімгер» тақырыбында сөз қозғап, ұзақ жасап, саналы ғұмыр кешкен қаламгер журналист туралы әдемі әңгіме өрбітті. Сондай-ақ М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы, әдебиеттанушы Бақытжан Мақашев «Баттал Жаңабайұлының шығармашылық мұрасы және болашақ журналистерді даярлаудың мәселелері» тақырыбында қолға алынып жатқан жұмыстарды сөз етті.

Ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбаев, Баймаханбет Ахмет, Республикалық «САЛЫҚ ТӘРТІБІ» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай және осы жолдардың авторы  әдемі қартаюдың үлгісін көрсеткен саналы ғұмырдың саңлағын есте қалдыру жайлы ұсыныс-пікірлерін жеткізді.