АҚЫН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛДЫ

0 32

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Майтөбе ауылдық кітапханасында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Ең үздік ауылдық кітапхана» облыстық байқауы өтті.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қолға алынған шара Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет Қайраткері, Талас ауданының Құрметті азаматы, ақын Нарша Қашағанұлының 70 жылдығына орайластырылды.

«Елінің ерке ақыны» атты еске алу кешіне облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова, облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директорының орынбасары Мақтақыз Жеңсікбаева қатысты. Ақынның шығармашылығын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген шара барысында Нарша Қашағанұлының көзі тірісінде «Айна» теле бағдарламасына берген сұхбатынан үзінді көрсетілді. Сондай-ақ, кітапхана жанынан құрылған «Қызғалдақ» қызығушылық клуб мүшелері ақын жырларынан топтастырылған әдеби монтаж ұйымдастырды.

Ақынның көзін көріп, пікірлес әрі қызметтес болған Мақтақыз Зиятбекқызы естеліктерімен бөлісіп, әріптестеріне ризашылығын білдірді.

Бұдан бөлек, кеште Майтөбе ауылдық клубының әншісі Ерген Әзімхан ақын сөзіне жазылған «Туған жер», «Хат жазып тұр», «Рахмет саған, туған ел!» атты әндерін нақышына келтіріп орындап берді.

Сонымен қатар, шараға келушілер кітапханашы Жанат Сағындықованың дайындаған «Тұрағын туған жерден тапқан ақын» атты кітап көрмесін тамашалады.

Aulieatanews, Талас ауданы.