Мемлекет басшысы Боао Азия форумының пленарлық сессиясында сөз сөйледі
Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын Қытайдың Хайнань провинциясында өтетін Боао Азия форумының (БАФ) пленарлық сессиясының ашылу рәсіміне қатысты. Биылғы 23-ші форум «Азия және әлем: ортақ сын-қатерлер, ортақ жауапкершілік» деген тақырыпта өтіп жатыр, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті аталған форумда құрметті қонақ ретінде сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы жиын қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, құбылмалы геосаяси ахуал мен экономикалық қиыншылықтың салдарынан туындаған жаһандық тұрақсыздық жағдайында бұл платформа диалог пен халықаралық ынтымақтастық орталығы ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Осы онжылдықтың ортасына қарай жаһандық жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны соңғы 30 жылда ең төменгі деңгейге түсетіні айқындала бастады. Сонымен қатар жетекші елдер арасындағы сауда қатынастарының шиеленісуі – әлі де әлемдік экономиканың алдында тұрған негізгі сын-қатерлердің бірі. Протекционизм саясаты мен сауда дауларының ушығуы жаһандық жеткізу тізбегін бұзып, экономикалық өсімді тежейді, сондай-ақ инвесторлардың сеніміне селкеу түсіреді. Жаһандық экономикаға дамудың жаңа парадигмасы керек екені анық. Бұл мәселені шеше алмасақ, таяу онжылдықтағы мүмкіндіктер қолымыздан сусып кетуі әбден ықтимал, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы орнықты дамудың жаңа дәуіріне қадам басар тұста Азия елдері көш бастап тұрғанына назар аударды.
– Биыл Азия елдері әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60 пайыз өсіміне қол жеткізеді деген болжам жасалып отыр. Дүниежүзілік сауданың 53 пайызы осы құрлықтың үлесіне тиесілі. Мұнда әлемнің ірі және қарқынды дамып келе жатқан экономикалары орналасқан. Соңғы жылдары Азияға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі едәуір ұлғайды. Сондай-ақ бұл аймақта патенттік әзірлемелердің 70 пайызына иелік ететін әлемнің жетекші технологиялық орталықтары бар. Құрлық айтарлықтай адами ресурсқа ие. Әлемдегі ірі 30 қаланың 21-і Азия құрлығында орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың тұтыну көлемінің өсімі 30 триллион доллар болмақ. Болжам бойынша оның 1 триллион доллары ғана батыс экономикасына тиесілі. Осы факторлардың барлығы мұның «Азия ренессансы» екенін көрсетеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы алдағы жылдары жаһандық өсім мен дамуды ынталандыру ісін жалғастыру үшін Азия өңірінің мол әлеуеті бар екенін атап өтті.
– Осы ретте Боао форумы жалпыға ортақ экономикалық прогреске қол жеткізу жолындағы Азиялық инновациялық тәсілдің іске асқанын анық көрсетеді. Сондай-ақ бұл жиын Қытайдың жаһандық дамуға деген ұстанымының айқын символы ретінде танылды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы тиімді серіктестіктің үлгісі саналады. Еліміз Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналды.
– Қытайдың аймақтағы сауда-саттығы мен салған инвестициясының тең жартысы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 41 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл – тарихи рекордтық көрсеткіш. 2023 жылы елдеріміз арасындағы жүк тасымалының көлемі 22 пайызға артып, шамамен 30 миллион тоннаға жетті. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға жасаған сапары кезінде «Бір белдеу, бір жол» ауқымды мегажобасын таныстырған болатын. Аталған жоба Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі көпір қызметін атқарады, ал Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл маңызды артықшылықты біз толыққанды пайдалануға тиіспіз. Біздің өз инвестициямыз да «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен стратегиялық тұрғыдан сабақтас әрі заманауи, мультимодальды, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және орнықты инфрақұрылым құруға бағытталған, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде еліміздің жаңа экономикалық бағытына айрықша назар аударды.
– Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 5,1 пайызды құрады. Бұл әлемдік экономиканың болжамды даму қарқынынан шамамен екі есе көп. Біз ортамерзімді перспективада экономиканың өсімін кемінде 6 пайыз деңгейінде ұстап тұруды және 2029 жылға қарай оның көлемін екі есе ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мен жаңа экономикалық бағытты жарияладым. Бұл бастама күшті әрі қарқынды дамыған мемлекет құруға бағытталған құрылымдық реформаларды жүзеге асыруды көздейді. Қазақстандағы ашық есік саясаты, мол ресурстар және либералды нарықтық реформалар көптеген шетелдік, соның ішінде қытайлық компаниялардың да назарын аударды. Осы орайда біз азиялық серіктестерімізді экономикамызға инвестиция құюға, өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қарастыруға шақырамыз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев фискальды және ақша-несие жүйесін жетілдіру, қаржы ағындарын кеңейту, институттардың сапасын арттыру шаралары нарықтық және бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыруға ықпал етеді, соның нәтижесінде аталған сала анағұрлым ашық, сенімді әрі қарқынды бола түседі деп санайды.
Алайда, Президенттің пікірінше, бұл мақсаттарға қол жеткізіп, қазіргі жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру үшін күш біріктірген жөн. Осы орайда Мемлекет басшысы бірқатар өзекті міндетті айқындап берді. Оларды іске асыру үшін бүкіл әлемдік қоғамдастық күш жұмылдыруы қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әлемге әділдік пен ашықтық қағидаттарына негізделген жаңа әрі көпжақты сауда жүйесі керек.
– Бүгінде сауда кедергілерінің көбеюі, протекционизм мен келісімдердің бұзылуы жаһандық экономикаға айтарлықтай қиындық туғызып отыр. Бұл түйткілдерді шешу үшін әділетсіз сауда кедергілерін жойып, цифрландыру арқылы жеткізу тізбегінің ашықтығын арттыру қажет,– деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Президент әлемдік қаржы жүйесіне де жаңа тәсілдер қолдану керек деп санайды. Мемлекет басшысы қаржы жүйесінде тек таңдаулылар ғана пайдаға кенелмей, барлық елге тең мүмкіндік берілуге тиіс екенін айтты. Сондай-ақ халықаралық қоғамдастықты орнықты қаржыландыру саласында барынша пәрменді шаралар қабылдауға шақырды.
– Нарықтық капитализациясы орасан зор Азиядағы алып облигациялар нарығы көптеген даму жобаларына қолдау көрсететін әлеуетке ие. Еуразиялық даму банкі жаңа қаржылық инвестициялық құрал ретінде панда-бондтардың бірінші легін шығаруды жоспарлап отыр. Бұл жаһандық инфрақұрылым жобаларын қаржыландыру үшін аса маңызды болуы мүмкін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты ахуалға тоқталды.
– Дүниежүзі тұрғындарының шамамен үштен бір бөлігі әлі де азық-түлік тапшылығын сезініп отыр. Орталық Азияда бидай өндіру бойынша жетекші ел саналатын Қазақстан өзінің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін жаһандық азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін пайдалануға ниетті. Біз мақсатты бағдарламалар жасау, бірлескен агроинновациялық орталықтар құру және инновациялық технологиялар трансферті арқылы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға тиіспіз. Ол үшін күш жұмылдыруымыз керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Азия елдері арасындағы көлік-транзит ынтымақтастығын нығайтудың стратегиялық мәні зор екеніне назар аударды.
– Қолданыстағы және жаңа көлік бағыттарын дамыту үшін барынша күш-жігер жұмсау аса маңызды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе «Орта дәліз» осы санатқа жатады. Аталған көлік бағдары Азия мен Еуропа арасындағы жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін әлдеқайда тиімді қамтамасыз етеді. Былтыр осы бағыттағы жүк тасымалы екі есе артып, 3 миллион тоннаға жетті. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш 10 миллион тоннаға жетеді деген болжам жасап отырмыз. Сондай-ақ Қазақстан «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамытуда көрші елдермен ынтымақтастық орнатуға дайын, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті жаһандық экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету үшін технологиялық ынтымақтастықты, әсіресе, жасанды интеллект саласындағы ықпалдастықты нығайту маңызды деп санайды. Бұл орайда Президент Қытайдың «Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық бастамасын» қолдады.
Сондай-ақ Қазақстан бірлескен инновациялық IT-жобаларды жүзеге асыру мақсатында Азияның жетекші технологиялық алпауыттарымен серіктестік орнатуға мүдделі екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, шикізаттың аса маңызды түрлерін өндіру ынтымақтастықтың тағы бір перспективті бағыты саналады.
– Сирек кездесетін металдар көптеген технология үшін аса маңызды компонентке айналды. Олар өнеркәсіп, цифрлық технологиялар, ғарыш және қорғаныс сияқты стратегиялық салаларда мүлдем қалдық болмайтын деңгейге жету үшін қажет. Біз уран, литий, титан және басқа да сирек кездесетін элементтердің ірі кен орындарын игерудің ең тиімді тәсілдерін қолдану мақсатында халықаралық серіктестермен бірлесе жұмыс істеуді жалғастыра береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Азия өзінің экономикалық, технологиялық және мәдени артықшылықтарын пайдалану арқылы әлемнің келешек даму бағытын айқындауда шешуші рөл атқара алатынына сенім білдірді. Бұл ретте Президент Боао Азия форумы және Астана халықаралық форумы (AIF) сияқты маңызды халықаралық диалог алаңдарының практикалық перспективасы зор екенін атап өтті. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев БАФ қонақтарын 2024 жылдың маусым айында өтетін Астана халықаралық форумына шақырды.
Сонымен қатар жиында БАФ Директорлар кеңесінің төрағасы Пан Ги Мун, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзи, Науру Президенті Дэвид Аданг, Шри-Ланка Премьер-министрі Динеш Гунавардена, Доминика Достастығының Премьер-министрі Рузвельт Скеррит, «Ақсақалдар кеңесі» халықаралық үкіметтік емес ұйымының төрағасы Мэри Робинсон, ЭЫДҰ Бас хатшысы Матиас Корманн, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының бас директоры Дарен Танг және Камбоджа Корольдігі Халықтық партиясының төрағасы Хун Сен сөз сөйледі.