Тотыдай таранған Таразға Наурыз келді

0 146

Биыл Әулиеата өңірінде Әз-Наурыз ерекше форматта тойлануда. 14 наурыз – Көрісу күнімен басталған ұлық мейрамның әр күніне атау беріліп, ерекше түрде атап өтілуде, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Облыс орталығы — Тараз қаласы Наурыз айы келісімен тотыдай таранып, тіпті өзгеше бір күйге енді. Әр шаңырақта, еңбек ұжымында наурыз көже берілуде. Бір-біріне ізгі тілек айтып жатқан шежірелі де, киелі шаһардың тұрғындарының шат көңілдері Наурыздың ажарын одан сайын аша түсуде. Ұлттық киім күнінде меншік түріне қарамастан әр мекеме мен кәсіпорындарда қазақтық ұлттық киімін киген қыз-келіншектер мен ер-азаматтар ұлық күнге өзгеше бір рең берді.

Жаңару күнінде жасыл желекке бөленген екі мың жылдық тарихы бар Таразға кең көлемде тал отырғызылды. Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябаққа облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған қаланың зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар жас-көшет отырғызды.
Кешегі ұлттық спорт күнінде мекеме-кәсіпорындарда кеңінен аталып өтті. Әсіресе, қаладағы, облыстағы ең іргелі кәсіпорын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылымдарында ерекше өтті. Арқан тарту, асық ойнау, кір тасын көтеруден үздік шыққандарға арнайы сыйлықтар тапсырылды.

Тотыдай таранған Таразға Әз-Наурыздың келгенін қаланың орталығын алаңында қаз-қатар тізілген киіз үйлер де хабар бергендей. Ақшаңқан үйлерге ат беріліп, айдар тағылған. Мәселен, Жамбыл, Кенен үйі…

Бірер күнде-ақ, Орталық алаң — «Наурыз ауылына» айналып шыға келді. Кешегі Ұлттық спорт күнінде таң-тамашаны облыстың сахна жұлдыздарының әуездете шырқаған ән әуен ырғағымен ат құлағында ойнаған қыз-жігіттер көрсетті. Шауып бара жатқан сәйгүліктің үстінде мың бұрала билеп, тіпті аттың бауырына жабыса түскенді көргенде көрермен болып тұрған біздің жүрегіміз ұясынан шығып кете жаздады.

Кереметтің «көкесі» бүгін-ертең дейді…