«АУЫЛЫМА КІТАП»
2020 жылы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысы барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев оқушылар арасында оқу сауаттылығын арттыру және балаларға арналған оқу мәдениетін насихаттау қажеттігін атап өтті.
Осыған байланысты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстандағы Отбасы күніне арналған «Ауылыма кітап» республикалық қайырымдылық акциясын өткізуді жоспарлады.
Осы акция аясында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Талапты ауылдық №12 филиал кітапханасының кітапхана меңгерушісі Динара Серікбаева ауыл тұрғындарынан 50-ден аса кітапты «Талапты» орта мектебінің кітапханашысы Асия Белқожаеваға тапсырды. Тамабек ауылдық кітапханасының меңгерушісі Г.Тұрғыналиева ауыл тұрғындарынан жиналған 100 дана кітапты Амангелді орта мектебінің кітапханасына сыйға тартты.
Сондай-ақ, Көшек батыр ауылдық кітапханасы Жамбыл орта мектебінің кітапханасына кітаптарды тарту етті.
Акцияның мақсаты — шалғайдағы елді мекендерде тұратын жас ұрпаққа оқу мәдениетін насихаттау және ауыл мектептерінің кітапхана қорын кеңейту арқылы жоғары азаматтық, рухани құндылықтарды қалыптастыру.
Анар ҚАЛЫБЕКОВА, Талас ауданы.