Кәсіпорынның игі бастамасы

0 43

Қайта қалпына келтіріліп, кезең-кезеңімен пайдалануға беріліп жат­қан көппәтерлі бос үйлер, қаланың көркін келтірумен қатар, мұқтаж отбасыларының баспаналы болу мүмкіндігін арттырып отыр. Мәсе­лен, өткен жылы  қалада бір жатақ­хана мен үш бірдей көппәтерлі тұрғын үй ел  игілігіне   ұсынылып, тұрғындар жаңа қонысқа көшті.

Өзге ғимараттармен қатар, «Бастилия» аталып кеткен 3 мөл­тек аудандағы №15 үйді де жөндеуден өткізіп, пайдалануға берсе  деген мәселе біраздан бері жергілікті тұрғындар тарапынан көтеріліп келе жатқан болатын. Айтса айтқандай, қаланың көрнекі жерінде орналасқан сәулеті бөлек ғимараттың сиықсыз  күйі  расы­мен, ары — бері өткен жүргіншінің наза­рын аударатын.

Бұл мәселе енді шешімін тапты. «ҚазФосфат» ЖШС-не қарасты «Шо­лақтау» тау-кен өндіріс кешені аталған нысанды толықтай жөндеп шығынды өз міндетіне алды. Мекеме қаражаты есебінен қолға алын­ған қайта жаңғырту жұмыстарын «Интеграл Life» ЖШС (директоры А.Мұхамеджанов) жүргізіп жатыр. 72 пәтерлік 5 қабатты тұрғын үй алдағы уақытта өндіріс кешенін­де жұмыс жасайтын көпбалалы отбасы, жас мамандармен қатар, баспанаға мұқтаж жандарға беріледі деп күтілуде.

— Қазір құрылыс басында 150-ге жуық адам бар. Жаңғырту жұмыстары тамыз айының басында басталды. 72 пәтерлі тұрғын үй негізінен 2,3 және 4 бөлмелі пәтерлерді қамтиды. Құрылыс жұмыстарын қараша айының соңына дейін аяқтау­ды жоспарлап отырмыз, — дейді арнайы учаске бастығы Алтай Абдихаликов.

Aulieatanews, Талас ауданы.