ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ-ОРТАҚ МІНДЕТ

0 89

«Шолақтау» тау-кен өндеу кешеніне қарасты «Ақсай» әктасы мен «Шолақтау» доломит кен орындарын игеру жөніндегі «тау-кен жұмыстарының жос­пары»  және «жою жоспар­ларын» қоршаған ортаны қор­ғау бөлімдерімен қарастыру бойынша қоғамдық тыңдау өтті.

Шараға облыс әкімдігі табиғи ресурстар және та­биғат пайдалануды реттеу бас­қармасының, Жамбыл облысы бойынша экология департа­ментінің мамандарымен қатар, қоғамдық бірлестіктің өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысты.

Қоғамдық тыңдауға төра­ғалық жасаған облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма­сының мемлекеттік экологиялық сараптама бөлімінің бас маманы Серік Ағабек күн тәртібін­де кө­терілген мәселемен таныстырды.

Жиында «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені жер қойнауын және суды пайдалану бөлімінің басшысы  Мұрат Мақаев «Шолақтау» және «Ақсай» кен орындарының өндіріс қуатына туралы баяндап берді.

— Өндіріс кешеніндегі «Ақ­сай» кен орны жылына 15 мың тон­на әктасын өндірсе, «Шолақ­тау» карьерінде 10 мың тонна доломит шығарылады. Өнімнің бұл түрі негізінен шыны өндіру үшін шикізат ретінде пайда­ланылады. Қазіргі таңда өнімге Алматы тапсырыс беріп жатыр. Қызылорда шыны зауыты да қы­зығушылық танытып жатқанын айта кетуіміз керек, — деді Мұрат Арқабайұлы. Сондай-ақ, өз кезегінде өндіріс орнының орналасқан аумағындағы табиғат жағдайына сипаттама берген «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Ануар Баймұханов белгіленген талаптарға сәйкес қолға алынған қауіпсіздік шара­ларына тоқталды.

Жасалған баяндамаларға қатысты пікір білдірген Жамбыл облысы бойынша экология депар­таментінің экологиялық рет­теу бөлімінің басшысы Юрий Пасечный кен  игерудің тиімділігін арттыру  арқылы, қоршаған  орта­ны қорғау қажеттігін еске салды. Одан бөлек, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қатынастарды реттейтін заң нормаларына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды таныстырып, ондағы белгіленген санаттарды түсіндірді.

Мұнан соң жарыссөзге шыққан  Қаратау ауылдық округінің әкімі Асхат Малташов, Қасқабұлақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Махмед Тимиров, Қарой ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы   Қуатбек Жолмұхаметұлы «Шолақтау» тау-кен өңдеу кеше­нінің басшылығы тарапынан елді мекендерге көрсетіліп жат­қан көмектерге ризашылығын білдірсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов кәсіпорын­ның алдағы жұмысына табыс тіледі.

Aulieatanews, Талас ауданы.