АРАЛДАҒЫ АҒАЙЫНДАРҒА КӨМЕК
Еліміздің бірқатар өңірлерінде орын алған қуаңшылық шаруа баққан жандарға қиын соғып отыр. Жер-жерде табиғаттың осындай тосын мінезіне тап болған аймақтарға жұрт болып жұмылып, көмек қолдарын созуда. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл»,- деген қағидадан қашан да қалыс қалмайтын қазақ халқы бұл жолы да өздерінің ауызбірлігі мен ынтымағын айқын аңғартты.
Осындай сауапты істен біздің ауданымыз да шет қалмады. Аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің бастамасымен қуаңшылықтың салдарынан жем-шөптің жеткілікті қорын жинай алмаған Арал өңіріне көмек ретінде ауылдық округтердегі шаруа қожалықтары қол ұшын берді. Таластық шаруалар Арал өңіріндегі ағайындарға Жаңатас қаласынан арнайы бөлінген вагондарға 1200 түк шөп тиеп, жөнелтті. Ағайынға көмек көрсету ежелден келе жатқан салтымыз. Бірлікті ту еткен таластықтар жұрт болып жұмылып, алдағы уақытта да көмектерін жалғастыруға ниетті.
Aulieatanews, Талас ауданы.