Дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

0 34

Меркі ауданының орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды, оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

«Облыстың барлық аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен спорт алаңдары ашылуда. Мұның бәрі мемлекеттің қолдауының арқасында жүзеге асып жатыр. Тәуелсіздік жылдарында біздің спортшыларымыз түрлі жарыстардан жүздеген медаль жеңіп алды. Жүлдегерлердің арқасында Туымыз көкте желбіреп, Әнұранымызды бүкіл әлем жұртшылығы тыңдайды. Біз Қазақстанның олимпиадалық жетістіктерінің ортақ қоржынына жамбылдық спортшылардың да үлес қосқанын мақтан тұтамыз. Елдос Сметов, Бақтияр Артаев сияқты олимпиадашылардың жетістіктері – еңбексүйгіштік пен өз күшіне деген сенімнің үлгісі. Егер жастар осындай ұлт мақтаныштарын үлгі тұтатын болса, онда олар да табысқа жете  алады. Біз сіздердің жарқын жеңістеріңізді асыға күтеміз! Сіздер бүкіл халықтың үмітін ақтайтындарыңызға сенімдімін», — деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.

Жас спортшы Жамбыл Тұрғыналиев үлкен жетістіктерге жетуге уәде берсе, Меркі ауданының Құрметті азаматы Қамбар Иманалиев «мұнда балалар мен жастар бос уақыттарын тиімді өткізетін болады», деп ризашылық білдірді.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша қаражат бөлінген. Мұнда спорт әуесқойлары футбол, волейбол, гандбол, баскетбол, бокс, күрес, дзюдо, қазақша күрес түрлерімен айналыса алады. Барлық залдар инвентарьмен және қажетті жиһаздармен жабдықталған. Кешенде тренажер залы, төрт киім ауыстыратын бөлме және медициналық кабинет бар. Ғимарат пандустармен және арнайы дәретханалармен қамтамасыз етілген. Бұл нысанның мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімділігін арттырады.

Бұл күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жұмыс сапары Қордай ауданында жалғасып, биофармацевтикалық зауыттың жұмысымен және бірқатар нысандардың құрылыс барысымен танысты. Гвардейск кентіндегі биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтына іргелес аумақта үш көппәтерлі тұрғын үй, дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Мердігерлер – «БазисДорСтрой» және «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Барлық нысандар қыркүйектің алғашқы онкүндігінде тапсырылады деп күтілуде. Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғаларға жұмыстарды сапалы әрі мерзімінде аяқтауды жүктеді.

Содан кейін биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ-да штабтың кезекті отырысы өтті, онда коронавирусқа қарсы шығарылатын вакцина көлемін арттыруға байланысты мәселелер қаралды.

Жұмыс сапары барысында Бердібек Сапарбаев Отар ауылындағы Мәдениет үйі құрылысының да барысымен танысты. Мердігер – «Байсын — А» ЖШС нысанды бір ай ішінде тапсыруға ниетті. Жаңа мәдениет ошағының құрылысына әсіресе жергілікті көркемөнерпаздар қуануда. Нысан ауыл жастарына дайындық өткізіп, музыкалық аспаптарда ойнауды үйрететін орынға айналмақ. Балалар мұнда түрлі үйірмелерге қатыса алады. Мұнда кітапхана орналаспақ. Акт залы 180 көрерменге есептелген. Облыс әкімі мердігер компанияға ғимарат аумағын абаттандыру жұмыстарын жүргізуді міндеттеді.

Бұдан бөлек осы ауданға қарасты Жамбыл ауылында да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Мәдениет үйі салынуда, жақында Мәдениет үйінің құрылысы Қарасу ауылында да басталмақ.

Аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Әділет Қаспақбаевтың айтуынша, Қордайда мал қыстатуда жем-шөп тапшылығы туындамайды деп күтілуде. Мал қыстауын алаңсыз өткізу үшін 267200 тонна шөп қажет десек, жоспар 98 пайызға орындалған. 74200 тонна сабан (жоспарланған көлемнің 67 пайызы), 15000 тонна пішендеме (100 пайыз) дайындалды. Шөп шабу жұмыстары әлі де жалғасуда.

Қордай ауданына су ресурстарының басым бөлігі Қырғыз Республикасының аумағынан келеді. Биыл су аз болғандықтан, көршілермен келіссөздер кезінде ауданға қажетті су көлемін өткізу туралы мәселені толығымен шешу мүмкін болмады. Қордайлықтар бұл түйінді түйткілді шешудің жаңа жолдарын қарастыруда. Ауданда барлығы 39,4 мың гектар суармалы жер бар. 12830 гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілген. Ирригациялық дренаж жүйелерін жетілдіру жобалары аясында 13 канал күрделі жөндеуден өтуде. Онда 44658 метр ирригациялық желі қамтылады. Сондай-ақ  Еуропалық қайта құру және даму банкінің есебінен 9 арнаға ағымдағы жөндеу жүргізілуде, ұзындығы 34,9 шақырым арнаны тазарту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Сонымен қатар ұзындығы 3,1 шақырым жаңа арна салынып, үш су қоймасының құрылысы жоспарлануда.

Қазірге дейін ауданға Шу өзенінен 45,92 млн текше метр су келген.  Шаруа қожалықтарына су кестеге сәйкес берілуде.