Есеп беру-сайлау конференциясы өткізілді

0 43

Осы аптаның дүйсенбісі күні, аудандық Мәдениет үйінде «Nur Otan» партиясы Меркі аудандық филиалының ХХІХ есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Конференцияның күн тәртібінде партияның аудандық филиалы Саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстары туралы есебі және алдағы кезеңге арналған міндеттері, Меркі аудандық филиалының төрағасын сайлау және Саяси кеңестің құрамын бекіту, сонымен қатар, «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ХХVІІІ есеп беру- сайлау конференциясына делегаттар сайлау туралы мәселелер қаралды.

Конференцияда алғашқы болып сөз алған «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов партияның орталық аппаратының және партияның облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаевтың келісімдерімен «Nur Otan» партиясы Меркі аудандық филиалының төрағалығына аудан әкімі Нұрсипатов Руслан Маратұлын ұсынды. Конференция делегаттарының бірауыздан дауыс беруінің нәтижесінде, Руслан Маратұлы партияның аудандық филиалының төрағасы болып сайланды.

Одан кейін Дауыл Ынтықбайұлы партияның аудандық филиалындағы кадрлық өзгерістерге тоқталып, бұған дейін аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары болған Көкірекбаев Мұратбек Болысбекұлына қызметін жоғары дәрежеде атқарғаны үшін партияның облыстық филиалының атынан алғыс айтып, оның орнына жаңадан қызметке тағайындалған Шағатаева Күлайым Жексембіқызына сәттілік тіледі.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша Руслан Маратұлы баяндама жасады. Ол өз сөзінде, алдымен, өткен жылы коронавирустық пандемияның және т.б. төтенше жағдайлардың әсерінен жалпы елімізде болған қиыншылықтарға тоқталып, сондай сын сағаттарда партияның бастамасымен атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті: «Nur Otan» партиясы қоғамдық саяси ұйымдардың ішінде алғашқылардан болып пандемияның әлеуметтік- экономикалық салдарына қарсы тұрды. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы аудан аумағында 1651 адамға 50 мың теңгеден, жалпы сомасы 82 550 000 теңге қаржылай көмек көрсетілді. Халықтың неғұрлым аз қорғалған топтарына жататын 2 мың отбасына 4 мыңға жуық медициналық бетперде тегін таратылды. 1 484 адамға 14 840 000 теңге сомаға бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз етілді. Мақтааралда су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға 700 мың теңгеге гуманитарлық көмек жіберілді», – деп атап өтті аудандық филиалдың төрағасы.

Одан кейін, Руслан Маратұлы партия төрағасының тапсырмалары мен партияның жоспарына сәйкес атқарылған және атқарылатын жұмыстардың жоспары, партияның сайлауалды бағдарламасындағы міндеттер мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, партияішілік тәртіпті нығайту мен осы бағыттарда жасалатын негізгі басымдықтар және т.б. туралы кеңінен баяндады.