Чернобыль ардагерлеріне құрмет

0 15

Дүйсенбі күні, аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында, 1986 жылғы Чернобыль АЭС-інде болған апаттың 35 жылдығына орай, апат салдарын жоюға қатысқан ардагерлермен кездесу болып өтті, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев 20-ғасырдағы ең ірі алапаттың біріне жататын Чернобыль атомдық электр стансасындағы 4-энергоблоктың жарылу оқиғасы бүкіл әлемді дүр сілкіндіргенін айтакеліп:

– Ресми деректер бойынша апат салдарын жоюға 600 мың адам қатысса, оның ішінде, біздің меркілік азаматтар да болды. Радиоактивтік ластануға ұшыраған аймақты залалсыздандыру, көп жағдайда, арнайы білімі жоқ, әскер қатарына жаңадан алынған жап жас жігіттердің еншісіне тигені жасырын емес. Олардың қатарында мына отырған сіздер де болдыңыздар. Дегенмен, қандай формацияда болмасын, Отанды қорғау, кез келген апатқа кеуде тосып, қарсы тұру – ер-азаматтың басты борышы. Ол міндетті сіздер үлкен жауапкершілікпен орындай алдыңыздар. Сол үшін де сіздерге бас иіп, алғысымды айтамын, – деген соң, Чернобыль апатын жоюға қатысқан, арамызда жүрген 13 ардагердің 5-уін Чернобыль ардагерлері кеңесінің «Әскери-Жоюшы» орденімен марапаттау рәсімін өткізді.

Марапат иелерінің қатарында Әлижан Керімқұлов, Виктор Дрисс, Абай Қазыбаев, Әлібек Зетқұлов және Смайлджан Умаралиев сынды әскери қызмет пен еңбекте алғырлықтарымен қатар танылған азаматтар болды.

Жиын барысында сөз алған «Чернобыль-Семей» Жамбыл облыстық бірлестігінің» аудандық бөлімінің төрағасы Б.Адизбаев:
– Арада 35 жыл сынаптай сырғып өте шығыпты. Ана бір жылдары қатарымызда 25 азамат бар еді, бүгінде небары 13 қана ардагер қалыппыз. Мен қазір толқып тұрмын, себебі, кеше ғана бірге жаныңда болып, қатар отырып сөйлескен чернобылшы  досың жасына жетпей ертесіне бақилық болса, сол қайғы екен… Оны еске алу да қиын. Басымнан осындай жағдайлар өткенде қатты қиналамын. Аман болыңдар, әріптестер! – десе, кейінірек сөз алған аудандық «Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Байдәулетов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Иманалиевтар бұл фәниде қиындық көргендер ғана өзгенің жан қайғысын жете түсініп, адам баласының базынасын айтпай-ақ ұғады. Ал, сіздер өмір мен өлімнің қақ ортасынан аман келген ұрпақтың өкілдері ретінде ел бірлігін сақтап, ынтымағын арттыруға өз септіктеріңізді тигізулеріңіз керек. Біз осыны күтіп, денсаулық тілейміз! – десті.

Жиын соңында ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринат Жантаев чернобылшы азаматтарға игі тілектерін айтып, бағалы сыйлықтарын табыс етті.