Жаксымбетов Бауыржан Пармешовичтың сайлауалды бағдарламасы

0 7

Байзақ Аудандық Мәслихатының Депутаттығына №8 Бірмандаттық Сайлау Округі Бойынша Өзін-Өзі Ұсынған Кандидат Жаксымбетов Бауыржан Пармешовичтың Сайлауалды Бағдарламасы

Мен, Жаксымбетов Бауыржан Пармешович,  1976 жылы 2 шілдеде Жамбыл облысы, Байзақ (бұрынғы Свердлов) ауданында дүниеге келдім.  Білімім жоғары.  Әскери шенім-запастағы лейтенант.

1983–1991 жылдары Дихан 8 жылдық мектебінде оқып, 1991-1993 жылдары Мырзатай атындағы орта мектепті тәмамдадым.

1993-1998 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетіне оқуға түсіп, «Түрік тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі, аудармашы-референт мамандығын алдым.

Еңбек жолымды 2002-2010 жылдары «Мата-Строй химия» ЖШС-де менеджер болумен басталды.  2010-2011 жылы «АБС» фирмасында директордың орынбасары қызметін атқардым. 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінде маман болып еңбек еттім.

2015 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін  Байзақ аудандық «Ауыл жаңалығы»-«Сельская новь» газетінің редакциясы»  ЖШС-де тілші, бас менеджер қызметтерін атқарып, қазіргі уақытта директор лауазымындамын.

Отбасылымын, бір қыз, үш ұл тәрбиелеп отырмыз.

Құрметті жерлестер!

Бүгінде елдімекендердің тыныс-тіршілігін жақсарту, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында нақты іс-әрекетке негізделген жаңа серпін қажет.

Аудандық «Ауыл жаңалығы»-«Сельская новь» газетінің редакциясын» басқара жүріп, әрбір ауылдың тыныс-тіршілігін, тұрғындарды толғандырған өткір мәселелерді жақсы білемін.

Менің басты мақсатым-билік пен халық арасындағы алтын көпір болып, мемлекет ұсынған мүмкіндіктер мен қаржылай көмектердің әрбір тұрғынға кедергісіз, әділ әрі сапалы жетуін қамтамасыз ету. Туған өлкеміздің дамуына үлес қосып, халықтың сенімін ақтау жолында аянбай еңбек ету. Баспасөз басшысы ретінде мен халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп қана қоймай, сол мәселелердің оң шешімін табуына тікелей ықпал етуді басты міндетім деп санаймын. Туған өлкеміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, сіздердің сенімдеріңізді ақтау жолында аянбай еңбек етуге дайынмын. Осы бағыттарға арналған сайлауалды бағдарламамды ұсынамын.

БАҒДАРЛАМА  НЕГІЗІНДЕ

  1. Аграрлық саланы дамыту мен су үнемдеу технологияларын енгізу бастамаларын қолдай отырып, ауылдық округтердің диқандарына ағын судың уақытылы жетуін қатаң бақылауға алу. Ішкі каналдарды жөндеуге және мемлекеттік субсидиялардың қарапайым шаруаларға қолжетімді болуына ықпал ету.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мәселелерін тұрақты назарда ұстап, олардың өнім өткізу нарығына шығуына және шаруашылықтарын дамытуына қолайлы жағдай жасауға ықпал ету.

  1. Халықтың шамадан тыс несиеленуін шешу мақсатында тегін қаржылық және құқықтық кеңес беру жұмыстарын жандандыру. Тұрғындарды тұтынушылық несиеден гөрі, «Ауыл аманаты» секілді төмен пайызды бағдарламалар арқылы өз кәсібін ашып, табысын арттыруға бағыттау.
  2. «Халықтық құрылыс»-алдағы ауқымды құрылыс жылы аясында жаңадан бой көтеретін нысандар, елдімекендердің ішкі жолдарын жөндеу, ауыз су, табиғи газ және көше жарығы желілерін жаңғырту жұмыстарына Ұлттық қор мен бюджеттен бөлінетін қаражаттың тиімді игерілуін қадағалау.

Жоспарланған инфрақұрылымдық жобалардың сапалы орындалуына, құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталуына және тұрғындар игілігіне берілуіне қоғамдық бақылауды күшейту.

  1. Көпбалалы отбасыларға, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекеттік көмектің уақытылы жетуін бақылау. Емделу орталықтарында әр санаттағы емделушілердің тегін көмектерін алуын қамтамасыз ету.
  2. Цифрландыру талаптарына сәйкес, ауыл мектептерін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, оқушылардың жасанды интеллект (ЖИ) негіздерін меңгеруіне қолдау көрсету. Балалардың қауіпсіздігін басты орынға қойып, мектептердегі буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, кәсіби психологтардың жұмысын күшейтуге және ата-аналармен тығыз байланыс орнатуға атсалысу.

Сонымен қатар ауыл балаларының сапалы білім алуына тең мүмкіндік қалыптастыру, мектептердегі білім беру ортасының қауіпсіздігі мен қолжетімділігін жақсарту бағытындағы ұсыныстарды қолдау.

  1. Жастардың бизнес-идеялары мен стартаптарын іске асыруына (гранттар, шағын несиелер) ақпараттық-құқықтық сүйемелдеу көрсету. Ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту, спорт алаңдары мен мәдениет ошақтарының жастарға қолжетімді болуын қамтамасыз ету.

Жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасап, олардың тың бастамалары мен әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруына қолдау көрсету.

  1. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту, сондай-ақ елдімекендерді абаттандыру, көгалдандыру және экологиялық мәдениетті арттыру бағытындағы бастамаларды жүйелі іске асыру.
  2. Сайлаушылармен тұрақты кездесулер өткізіп, көтерілген мәселелердің нәтижесі туралы ашық есеп беру.

Туған жердің тағдыры – әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Аудандық басылымның басшысы ретінде мен әрдайым сіздермен бірге болып, қарапайым халықтың үнін билікке жеткізуді басты парызым санап келдім. Ендігі мақсатым-сол сенімді нақты іспен бекітіп, Байзақ ауданының әрбір елдімекенінің гүлденуіне, тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына бар күш-жігерімді салу. Маған артқан әрбір сенім мен қолдау-туған өлкеміздің жарқын болашағына қосылған зор үлес. Алдағы уақытта да сіздермен ашық дидарласып, әрбір ұсыныс-тілектеріңізді ескере отырып, ортақ мақсат жолында аянбай еңбек етуге дайынмын!

Құрметті сайлаушылар!

Ел болашағы жолындағы ауқымды өзгерістерді бірге жүзеге асырайық! Бірлік пен еңбек арқылы ауылдарымызды бірге көркейтейік!

Тапсырыс жасаған тұлға: №8 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат  Бауыржан Пармешович  Жаксымбетов.

Қандай қаражат ақысынан төленген:

Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар есебінен төленді.