Ермеков Елнурбек Сайланбекұлының сайлауалды бағдарламасы

0 6

Байзақ Аудандық Мәслихатының Депутаттығына №8 Бірмандаттық Аумақтық Сайлау Округі Бойынша “Әділет” Партиясынан Ұсынылған Кандидат Ермеков Елнурбек Сайланбекұлының Сайлауалды Бағдарламасы

Мен, Ермеков Елнурбек Сайланбекұлы, 1 наурыз 1990 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында дүниеге келдім. Ұлтым – қазақ. Білімім – жоғары. 2012 жылы Алматы қаласы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетін «Халықаралық құқық», 2020 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Филология» мамандықтары бойынша бітірдім.

2012-2013 жылдар аралығында Өскемен қаласында Отан алдындағы борышымды өтедім. Еңбек жолымды 2014 жылы «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ-нің Байзақ ауданы бойынша аймақтық құқықтық инспекторы болып бастадым.

2016 жылдан бүгінгі күнге дейін «Білім қызметкерлері кәсіподағының Байзақ аудандық комитеті» филиалының төрағасы лауазымында қызмет атқарудамын. Жетінші, сегізінші шақырылған Байзақ аудандық мәслихатының депутаты болдым. «Әділет» партиясының мүшесімін.

Отбасылымын. Екі ұл тәрбиелеп отырмын.

Құрметті сайлаушылар!

«Әділет» партиясының мақсаты қарапайым және бұқараға түсінікті – ол заң  алдында бәрінің теңдігі қамтамасыз етілетін, экономикасы тұрақты және азаматтық қоғамы дамыған әділетті, зайырлы, демократиялық және құқықтық мемлекет құруға атсалысу.

Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде мені ұсынған «Әділет» партиясының мүшесі болғандықтан менің сайлауалды бағдарламам партияның бағдарламалық құжаттар негізінде жасалған.

Ауданда өмір сүруге қолайлы жағдай жасау, игілікті істерді атқару-менің міндетім және перзенттік парызым. Аудан тұрғындарының мүддесі ол – менің мүддем. Адам игілігі үшін қызмет ету, олардың мүдделерін қорғау, қордаланған мәселелерін шешу менің сайлауалды бағдарламамның мақсаты болып табылады.

Мен осы саяси додадағы өз ұстанымдарым мен көзқарастарымды келесі мазмұндағы бағдарламамның өзегіне айналдырдым:

  1. Аудан экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз етуге, еңбек өнімділігін арттыру мен халықтың күнкөріс табысының өсуі үшін барлық жағдайларды жасаймын.Аудан экономикасының басты кепіліне айналып отырған – инвестиция тарту саясаты мен үшін өзекті болады.
  2. Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның негізі. Ауыл тұрғындарының құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына назар аударып, қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін тиісті органдармен бірлесіп көтеремін.Құқық бұзушылықтың және интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын және жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған іс-шараларға ықпал етемін.

3.Халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін қабылданған бағдарламалардың іске асуын бақылауда ұстаймын.

Аудан тұрғындарының кәсіптік біліктілігін арттыруға және жаңа мамандықтарды меңгеруіне мүмкіндік жасауға ықпал етемін. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту курстарының қолжетімді болуын қолдап, жұмыс іздеуші азаматтардың тұрақты еңбекпен қамтылуына жағдай жасауға атсалысамын.

  1. Шағын және орта бизнесті өркендетуге бағытталған бағалы бастамалармен ауылды жерлердегі отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетемін.Ауыл шаруашылығы саласына инвестицияның көптеп тартылуы мен оның көлемін ұлғайту арқылы ауылды жерде шын мәнінде тиімді еңбек етуге ниетті халыққа жәрдем беремін.
  2. Әділетті Қазақстанды құрудың негізінде ағартушылық құндылықтар жатыр. Іргелі білім, цифрлық технология, жайлы білім инфрақұрылымы тең дәрежеде қолжетімді болуына атсалысамын. «Ғылым-білім-өндіріс» қағидатының жүзеге асуына күш саламын.
  3. Осы аймақтың тұрғыны ретінде өркениет игіліктерін пайдаланушы, тұтынушымын. Сол үшін медициналық көмекті кедергісіз алу, жалпыға бірдей қол жетерлік сапалы әрі білікті дәрігерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге басымдық беремін. Ұлт саулығы – ел болашағының кепілі.

7.Бүгінде өзекті мәселелердің бірі — жастардың жұмыссыздығы. Оқу орнын жаңадан бітірген жас мамандар үшін жұмысқа орналасу күрделі мәселе. Жас мамандарға арналған квоталы жұмыс орындары санының артуына бар күш-жігеріммен ықпал етемін. Осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың іске асуын назарда ұстаймын.

  1. Ең басты міндеттердің бірі – ауылда қажетті әрі лайықты өмір сүру жағдайын жасау үшін инфрақұрылым үздіксіз дамуы қажет екені айтпаса да түсінікті. Осы ретте, таза ауыз су, сапалы жол, жылу мен жарық, қауіпсіз елді мекен, қол жетімді баспанамен қамту бағытындағы батыл бастамалардың сапалы жүргізілуін қадағалаймын.
  2. Ауданның қоғамдық-мәдени өмірін дамытуға, тарихи-мәдени мұраларды сақтауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосамын. Ардагерлерге құрмет көрсету, олардың өмірлік тәжірибесін жас ұрпаққа үлгі ету, сондай-ақ қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, игілікті бастамаларды жүзеге асыруға қолдау білдіремін.

Ауданның дамуы – бір адамның ғана емес, барша тұрғынның ортақ еңбегінің нәтижесі. Сондықтан елді мекендердегі өзекті мәселелерді шешуде қоғамдық пікірге сүйеніп, тұрғындармен ашық диалог орнатуды маңызды санаймын. Әрбір бастаманың нақты нәтижеге бағытталуына және халық игілігіне қызмет етуіне баса мән беремін.

Менің бағдарламам халықтан түскен өтініштер мен ұсыныстар негізінде өзгертіліп және толықтырылып тұрады. Сайлаудан кейін бірден сөзден іске көшу мақсатында сайлаушылардың тілегі мен мұраты, өтініштері егжей-тегжейлі қаралып, сараланады.

Сайлаудан өткен жағдайда менің депутат ретінде ұстанатын принципім ашықтық және қолжетімділік.

Мен үшін халық сенімі – үлкен жауапкершілік. Берілген мүмкіндікті жеке мүдде үшін емес, ел игілігі мен ауданымыздың өркендеуі үшін пайдалануды басты қағидам деп білемін. Айтылған сөз бен атқарылған істің арасында алшақтық болмауы тиіс.

ХАЛЫҚ МҮДДЕСІ – БАСТЫ МІНДЕТ!

Тапсырыс жасаған тұлға: №8 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат  Елнурбек Сайланбекұлы Ермеков.

Қандай қаражат ақысынан төленген:

Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар есебінен төленді.