Жамбылдағы газдандыру саясаты: жетістіктер мен шешімін күткен мәселелер

0 16

Биыл облыста 3 елді мекенге газ жеткізу жоспарлануда. Облысы әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тұңғатовтың айтуынша, жыл басында республикалық бюджетті нақтылау кезінде 32 жобаны іске асыру үшін жалпы құны 32 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім берілген. Атап айтсақ, Мойынқұм ауданының 3 елді мекеніне жеткізуші газ құбырын салу жобасын аяқтау үшін 4,5 миллиард теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Оның ішінде республикалық бюджеттен 4,028 миллиард теңге, облыстық бюджеттен 0,48 миллиард теңге қарастырыл. Жобаның құны 18,5 миллиард теңгені құрайды. 2024-2026 жылдар аралығында жоба аясында 70 шақырым газ құбыры салынған, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Сондай-ақ 2020 жылы басталған 4 жоба бойынша Сарысу және Шу аудандарының 32 елді мекеніне газ жеткізу үшін 2 автоматты газ тарату стансасы мен газ құбырларын салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаларды аяқтау үшін 10,9 миллиард теңге қажет екен.

Жалпы бүгінде бұл саланы дамыту бағытында атқарылып жатқан жобалар билік бақылауында тұр. Құрылыс жұмысын соңына дейін жеткізу мақсатында бірқатар жобалар билік тарапынан қаржыландырылған. Атап айтсақ, осы жылдың мамыр айындағы облыстық бюджеттік комиссияның шешіміне сәйкес, «Еврохим» автоматты газ тарату стансасы (АГТС) құрылысын аяқтауға 1,041 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі күні нысанның құрылыс жұмыстары аяқталу сатысында. Сонымен қатар биылғы жылдың 28-29 тамызында «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының «Тараз» магистральды газ құбырлары басқармасының өкілдерімен бірлесіп, аталған АГТС арқылы «ЕвроХим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің химиялық кешеніне және Жаңатас қаласындағы бас газ реттеу пунктіне (0,6 МПа) дейін тауарлық газ берілді.

– Бүгінгі таңда бекітілген өндірістік жұмыстар кестесіне сәйкес Жаңатас қаласының орталық қазандығына газ беру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, «Шу» АГТС құрылысы Шу ауданының 18 және Мойынқұм ауданының 24 елді мекенін кезең-кезеңімен газдандыруға мүмкіндік береді. Бүгінде Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен 2,9 миллиард теңге қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жыл қорытындысымен облыстың газдандыру құрылысы саласына 8,5 миллиард теңге бағытталып, Арыстанды, Үшбас және Бүркітбаев ауылдарындағы 5 мың тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. Осы жұмыстардың нәтижесінде Жамбыл облысында халықты газбен қамту деңгейін 92,2 пайызға жеткізу көзделіп отыр, – дейді Дамир Сейсенбекұлы.