Жамбылда есірткі жарнамасы бар 240 граффити жойылды

0 12

Жамбыл облысында есірткіні насихаттайтын заңсыз жазуларға қарсы күрес жалғасып жатыр. Жыл басынан бері өңір көшелерінен осындай 240 граффити анықталып, өшірілген, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Кезекті тазарту жұмыстары «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлеріне «Жастар орталығының» өкілдері мен қоғамдық белсенділер қосылып, қоғамдық орындардағы есірткі жарнамаларын жойды.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мұндай граффитилер жай ғана жазу емес. Көп жағдайда олардың ішінде есірткі заттарын заңсыз сатуға немесе таратуға пайдаланылатын интернет-ресурстардың атауы, сілтемесі не байланыс арналары көрсетіледі.

Сондықтан мамандар мұндай ақпараттың көшелерде ашық орналасуын есірткінің таралуына ықпал ететін факторлардың бірі ретінде қарастырады. Заңсыз жарнаманы неғұрлым ерте анықтап, жою – оның басқа адамдарға таралу мүмкіндігін азайтады.

Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Кемеңгер Абдибеков профилактикалық жұмыстың осы бағытына тоқталды.

«Заңсыз граффитилердің басым бөлігінде есірткі заттарын сатуға немесе таратуға қатысты интернет-ресурстар мен байланыс арналары көрсетіледі. Мұндай жазуларды дер кезінде анықтап, жою – есірткінің таралуының алдын алудың маңызды бағыттарының бірі», – деді ол.

Полиция бұл бағыттағы жұмысты тек граффитилерді өшірумен шектемейді. Өңірде есірткінің заңсыз айналымының алдын алуға бағытталған түсіндіру және профилактикалық шаралар да жүргізілуде.

Қоғам белсенділерінің аталған жұмысқа тартылуы да кездейсоқ емес. Қала көшелеріндегі күмәнді жазуларды тұрғындар полиция қызметкерлерінен бұрын байқауы мүмкін. Сондықтан мамандар азаматтарды осындай фактілерге бейжай қарамауға шақырады.

Есірткіге қатысты заңсыз жарнаманың көзге түсуі – құқық қорғау органдарына хабарлауға негіз болатын жағдай. Мұндай ақпараттың уақытылы жойылуы қоғамдық кеңістікті тазартумен бірге, есірткіні насихаттауға тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.

Жамбыл облысының полициясы есірткі жарнамаларын анықтау және жою бойынша рейдтік жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады. Негізгі мақсат – жастар арасында зиянды әдеттердің таралуына жол бермей, есірткіге қарсы қауіпсіз ақпараттық және қоғамдық орта қалыптастыру.