Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және буллингтің алдын алу

0 9

Жастар арасында қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру – қоғамның ортақ міндеті. Бұл ретте буллингтің алдын алу тек психологиялық ахуалды жақсартумен шектелмей, жасөспірімдердің өз құқықтарын білуіне, өзге адамның құқығы мен бостандығын құрметтеуіне және құқықтық жауапкершілікті түсінуіне тікелей байланысты, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Осы бағытта аудандық Жастар ресурстық орталығы жастар арасында психологиялық ахуалды зерделеп, жасөспірімдер мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізуде. Орталықтың психологы колледж студенттері арасында сауалнама ұйымдастырып, жастардың отбасындағы қарым-қатынасы, өзара түсіністігі және буллинг құбылысына қатысты көзқарасын зерделеді.

Зерттеу барысында жастардың ата-аналарымен ашық пікір алмасуы, қиын жағдайда қолдау табуы және өз мәселесін еркін жеткізе алуы сияқты мәселелерге назар аударылды. Сонымен қатар студенттердің буллинг туралы түсінігі, оның алдын алу жолдары және осындай жағдайға тап болған кезде қандай әрекет жасайтыны анықталды.

Буллинг – адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне кері әсер ететін әрекеттердің бірі. Сондықтан оның алдын алу барысында жастарға өз құқықтарын білуімен қатар, басқа адамның жеке басына қол сұқпау, кемсітпеу, қорқытып-үркітпеу және психологиялық қысым көрсетпеу қажеттігі түсіндіріледі.

Құқықтық сауаттылықтың маңызы осындай жағдайларда айқын көрінеді. Жасөспірім өзінің құқықтары бұзылған жағдайда қайда жүгіну керектігін, кімнен көмек сұрай алатынын білуі тиіс. Сонымен қатар ата-ана мен педагогтердің де баланың қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігін түсінуі маңызды.

Отбасындағы өзара сенім де құқықтық мәдениетті қалыптастырудың негіздерінің бірі. Баланың пікірін тыңдау, оның құқықтарын құрметтеу және қиындықтарын жасырмай айтуына мүмкіндік беру жасөспірімнің өзіне деген сенімін арттырады. Мұндай ортада бала өзіне немесе құрдасына қатысты орын алған келеңсіз жағдайды дер кезінде айтып, тиісті көмекке жүгіне алады.

Сауалнама нәтижелері жастардың пікірін тыңдап қана қоймай, олардың құқықтық және әлеуметтік қажеттіліктерін анықтауға мүмкіндік береді. Осындай түсіндіру жұмыстары арқылы жастар арасында өзара сыйластық, жауапкершілік, толеранттылық және құқықтық сана қалыптастыру көзделеді.

Буллингтің алдын алу – бір ғана мекеменің міндеті емес. Бұл бағытта ата-ана, білім беру ұйымдары, жастар орталықтары және тиісті мамандардың өзара іс-қимылы маңызды. Әр тарап өз міндеті мен жауапкершілігін білген жағдайда ғана жастар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға болады.

Бүгінде құқықтық мәдениеті қалыптасқан, өз құқығын білетін және өзгенің құқығын құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу – маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан жастарға құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту, буллингтің алдын алу және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы шараларды жүйелі түрде жалғастыру өзекті болып қала береді.