Елдің басым бөлігінде ыстық ауа райы сақталады
«Қазгидромет» 8-10 тамыз аралығындағы ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің болжауынша, елдің басым бөлігінде ыстық әрі құрғақ ауа райы қалыптасады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Қазақстан аумағындағы ауа райын ауқымды антициклон қалыптастырады. Соның әсерінен еліміздің басым бөлігінде ыстық ауа райы әлі де сақталады.
10 тамыз күні елдің батысы мен солтүстік-батысында солтүстік-батыс циклоны және онымен байланысты атмосфералық фронтальды бөліктердің ықпалынан жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді, кей өңірлерде бұршақ жаууы мүмкін.
Республиканың шығысында, сондай-ақ оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында оңтүстік циклонның әсерінен жаңбыр жауып, найзағай күтіледі.
Барлық өңір тұрғындарын аптап ыстықтың кезекті толқыны күтіп тұр. Иран аумағынан келетін жылы ауа массаларының әсерінен еліміздің солтүстігі мен шығысында ауа температурасы 35–39°С-қа дейін, оңтүстігінде 35–41°С-қа дейін, ал батысы мен орталығында 36–41°С-қа дейін көтеріліп, өте қатты ыстық болады.