Мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығының дамуына серпін беруде
Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Сағынбековтің қатысуымен брифинг өтті. Жиында ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары, агроөнеркәсіптік кешеннің даму көрсеткіштері, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және шаруаларды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берілді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Брифинг барысында спикер мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне көрсетіліп жатқан қолдау көлемі жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.
– Биыл ауыл шаруашылығы саласын қолдауға жалпы 50 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Оның ішінде 36,5 миллиард теңге субсидиялауға, 6,5 миллиард теңге Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін таратуға және 7 миллиард теңге «Ауыл аманаты» бағдарламасына бағытталды. Жыл басынан бері облыстағы 6,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне 28,3 миллиард теңге субсидия төленді, – деді Болат Мырзаханұлы.
Сонымен қатар қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 249 агроқұрылымға жалпы көлемі 8,8 миллиард теңге болатын жеңілдетілген несие берілген.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өңірдің агроөнеркәсіптік кешені тұрақты даму қарқынын сақтап отыр. Ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында облыста 65 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 102,3 пайызды құрады.
Мал шаруашылығы саласында да оң өсім қалыптасқан. Есепті кезеңде 33,6 мың тонна ет өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 1,9 пайызға артса, сүт өндірісі 57,6 мың тоннаға жетіп, 1,8 пайыздық өсім көрсеткен.
– Мал шаруашылығы өңір экономикасындағы маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан бұл салада мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі түрде жалғасуда. Соның нәтижесінде облыстағы жалпы мал басы 4,8 миллионға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 4,8 пайызға артты, – деді ауыл шаруашылығы саласының маманы.
Спикердің айтуынша, мүйізді ірі қара саны 490,3 мың басқа, қой саны 3,6 миллион басқа, жылқы саны 209,7 мың басқа, ал құс саны 2,3 миллион басқа жеткен.
Брифингте инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысына да ерекше назар аударылды. Биыл ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі 95,1 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18 есеге артқан. Оның басым бөлігі тамақ өнімдерін өндіру саласына бағытталған.
– Инвестиция тарту арқылы өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл тұрғындарының табысын көбейтуге мүмкіндік беріп отырмыз, – деді спикер.
Жалпы 2026 жылы облыста құны 63,1 миллиард теңгені құрайтын 22 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін олардың алтауы пайдалануға берілген.
Атап айтқанда, қуаттылығы 20 мың тоннаны құрайтын үш көкөніс сақтау қоймасы іске қосылды. Оның ішінде «TRZ Agro» серіктестігінің 12 мың тонналық, «Даму Сұрат» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 5 мың тонналық және «Кәусар» шаруа қожалығының 3 мың тонналық қоймалары бар.
Сондай-ақ 850 басқа арналған екі сүт-тауарлы ферма пайдалануға берілген. Олар – «Aznur Agro» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 400 басқа және «Нұрлыжай» шаруа қожалығының 450 басқа арналған фермалары. Бұдан бөлек, «Тазабек Досжан» шаруа қожалығының жылына 2 мың тонна томат өңдейтін кәсіпорны іске қосылып отыр.
Болат Сағынбеков агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, субсидиялар, жеңілдетілген несиелер, инвестициялық жобаларды қаржыландыру және «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдап, өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік беруде.
– Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Болат Мырзаханұлы.
Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері субсидиялау тетіктері, жеңілдетілген несиелердің қолжетімділігі, инвестициялық жобалардың іске асырылу мерзімдері және «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігіне қатысты бірқатар сауалдарын жолдады. Спикер журналистер көтерген мәселелердің әрқайсысына нақты деректерге сүйене отырып жауап беріп, мемлекеттік қолдау шараларының жүзеге асырылу барысына кеңінен тоқталды. Ашық форматта өткен кездесу барысында БАҚ өкілдері өздерін қызықтырған сұрақтарға жан-жақты жауап алып, ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелері төңірегінде еркін пікір алмасты.